Негізгі / Лайфстайл / Спорт / Жаңалықтар / Ресей 2020 жылғы Олимпиададан шеттетілді
Ресей 2020 жылғы Олимпиададан шеттетілді

WADA атқарушы комитеті Ресей допингке қарсы агенттігін лицензциясынан айырып, ресейлік спортшыларды ірі халықаралық жарыстардан шеттетті.

25 қараша күні тәуелсіз комитет Дүниежүзілік допингке қарсы агенттігіне алдағы төрт жылда Ресейде ірі халықаралық турнирлерді өткізуге және спортшыларының жарыстарға қатысуына тыйым салу туралы ұсыныс жасаған. Сондай-ақ ресейлік спортшыларды халықаралық жарыстарға тек бейтарап команда ретінде қатыстыруға шешім қабылдауға шақырды.

Осылайша, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік алдағы төрт жылда Ресейде ірі халықаралық турнирлерді өткізуге тыйым салды. Бұл уақыт аралығында Ресейде футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатының үш топтық және бір ширек финалдық матчы, шаңғы спортынан әлем чемпионаты, шахматтан Бүкіләлемдік олимпиада, допты хоккейден әлем чемпионаты, құзға өрмелеуден Еуропа чемпионаты, ауыр атлетикадан Еуропа чемпионаты, футболдан Чемпиондар Лигасының финалы, суда жүзуден Еуропа чемпионаты, әйелдер арасындағы хоккейден әлем чемпионаты, жағажай футболынан әлем чемпионаты, ерлер арасында волейболдан әлем чемпионаты, спорттық күрестен әлем чемпионаты, 2023 жылғы жазғы Универсиада, хоккейден әлем чемпионаты, жастар арасында хоккейден әлем чемпионаты, су спорты түрлерінен Еуропа чемпионаты, шахматтан үміткерлер турнирі, самбодан Еуропа чемпионаты және допты хоккейден әлем чемпионаты өтуі қажет болатын.

Бұған қоса Ресей әйелдер арасында баскетболдан әлем Кубогын, футболдан УЕФА Суперкубогын, әйелдер арасында гандболдан Еуропа чемпионаты және фристайл мен сноубордтан әлем чемпионатын өткізуге ұсыныс жасаған. 

Дайындаған: Айбар Рысдәулет
Фото: aifudm.net
Қосылған күні: 09 желтоқсан 2019, 16:27