Негізгі / Лайфстайл / Спорт / Жаңалықтар / Қазақстандық үш каратеші әлем чемпионы атанды
Қазақстандық үш каратеші әлем чемпионы атанды

Нұр-Сұлтан қаласында KWU киокушинкайдан ерлер және әйелдер арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті.

Байрақты бәсекеде әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар 15 салмақ (ерлер – 9, әйелдер – 6) дәрежесінде сынға түсті. Әйелдер арасында 50 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған спортшымыз Людмила Устюгова алтыннан алқа тағынса, 70 килода Әлемгүл Сабырхан қарсылас шақ келтірмеді.

– Әлем чемпионатын жеңіп алғаныма сене алар емес. Өте қуаныштымын. Мұндай дәрежедегі турнир елімізде алғаш рет өтіп жатыр. Осында бірінші орын алу мен үшін үлкен бақ және құрмет. Қарсыластарыма ерекше дайындалдым, өйткені олар әр жастағы әлем чемпиондары еді. Әр қарсыласқа жеке тактика жасап, әрқайсысына тыңғылықты дайындалдық. Мақсатыма жеттім – әлем чемпионатын жеңдім, - деп әсерімен бөлісті Әлемгүл Сабырхан финалдағы жеңісінен соң Vesti.kz сайтына.

Ал ерлер арасында қоржынымызға жалғыз алтын медальді 85 килода Владимир Артюшин салды. 70 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Бейсембаев пен 60 килоға дейінгі салмақта Екатерина Гурова күміс медальді жеңіп алды.

– Финалға тек "алтын" аламын деп шықтым. Мүмкін тактикадан сәл ауытқып кеткен шығармын. Бірінші күндегідей жұмыс істегім келді. Ойымдағыны бұлжытпай істедім. Өз стилимде өнер көрсеттім. Қарсыласым тактикалық тұрғыдан менен басым болған шығар. "Алтынға" қолым жетпей қалды, - деді Еркебұлан Бейсембаев Vesti.kz сайтына.

Осылайша Қазақстан құрамасының қоржынында әлем чемпионатының 3 алтын және 2 күміс жүлдесі түсті. Байрақты бәсекеге әлемнің 54 елінен 301 спортшы қатысқанын айта кету керек.

Дайындаған: Айбар Рысдәулет

Қосылған күні: 09 желтоқсан 2019, 10:21
Ұқсас жазбалар:
Жігіттерге кеңес: өзіңізді қорғауға арналған спорт түрлері Massaget.kz
Каратэден әлем чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды? Massaget.kz