Мессидің орнын кім басады?

Мессидің орнын кім басады?
Фото: Get Wallpapers

"Алтын доптың" бес дүркін иегері Лионель Месси бұрынғы командаласы, қазіргі "Пари Сен-Жерменнің" ойыншысы Неймарды өзінің "Барселонадағы" ізбасары санайды. 

France Football басылымы жақында осы құпияның шетін ашты. "Барселона" "Ливерпульден" (3:0, 0:4) оза алмай, Чемпиондар лигасының жартылай финалынан ұшып кеткен соң Месси Неймарға былай деп хат жолдаған: "Біз тек біріксек қана Чемпиондар лигасын жеңе аламыз. Сенің оралғаныңды қалаймын. Екі жылдан кейін кеткеннен соң, сен менің орнымды басасың".

Бұған қарап Месси бұрынғы әріптесі Неймарды өзінің ізін басушы ретінде көретінін байқауға болады. Бразилиялық футболшы 2017 жылы рекорды 222 миллион еуроға ПСЖ командасына ауысса да бұрынғы әріптестер жақсы қарым-қатынаста екенін жасырмайды. Футболшылар бірнеше мәрте бас қосып, Неймардың командаға оралуын талқылаған.

Неймар да соңғы уақытта командасын ауыстырғысы келетінін айтып келеді. Ол Парижде бақытты емес екенін, Барселонадағы қуанышты күндерін сағынышпен еске алатынын сұқбаттарында айтқан. 

Биыл жазғы трансфер кезінде Неймар "Барселонаға" оралуға тырысып та көрген. Алайда футболшы командасымен келісе алмаған.

Неймар 2013 жылы "Барселонаға" ауысып, Мессимен иық тіресіп бірге ойнаған. Ол каталондық командада өткізген үш жылда Испания чемпионатында екі мәрте топ жарып, Чемпиондар лигасы мен УЕФА Суперкубогын жеңіп алған. Ал Месси болса  "Барселонада" 2004 жылдан бері ойнап келеді. Каталондық клубтың сапында 692 матчқа қатысып, 604 гол соққан. Әзірге оның нақты қашан командадан кететіні белгісіз. Алайда соңғы уақыттарда аргентиналық футболшы 2021 жылға дейін жасалған келісімшартының уақыты біткенде мансабын аяқтайтыны туралы қауесет тарап кетті.

А. Рысдәулет