Алматы марафоны 2020 жылға жоспарланған қайырымдылық мақсаттарын атады

Алматы марафоны 2020 жылға жоспарланған қайырымдылық мақсаттарын атады

Дәстүрге сай Алматы марафонына қатысушылардың сөрелік жарнасынан жиналған қаражаттың бір бөлігі қайырымдылық істерге жұмсалады. "Бірінші болу - батылдық" корпоративтік қоры 2020 жылға арналған қайырымдылық мақсаттарын жариялады.

Келесі жылы Алматы марафоны балаларға арналған мынадай 5 мекемеге қайырымдылық көмек көрсетеді:

- "Кеңес" мүгедектер қоғамдық бірлестігі (Әлеуметтік бейімдеу және еңбекпен оңалту орталығы) (балаларға арнап жабдықталған ойын алаңы),

- Есік қаласындағы ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернат (футбол алаңын салу),

- "SOS Алматы балалар ауылы" мемлекеттік емес білім беру мекемесі (жаттығу алаңын салу),

- Дамуында ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған "Амалия" абилитациялық орталығы (сенсорлық интеграцияға арналған жабдық),

- Талғар қаласындағы "Нұр" отбасылық балалар үйі (спорт алаңын салу).

"Кеңес" мүгедектер қоғамдық бірлестігі церебралды сал ауруы, эпилепсия, аутизм, хромосомалық және өзге де күрделі ауруларға шалдыққан балаларға білікті кешенді көмек көрсетеді. Орталық балалардың дамуы мен олардың келешекте әлеуметтік бағытталуына көмектеседі. Бұл жерде балалардың мамандандырылған мектептерде әрі қарай оқуының негізі қаланатынын да атап өткен жөн. Балаларға арнап жабдықталған алаң құрылысы осындай ауруларға шалдыққан балалардың дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік береді.

Ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында бүгінде 193 бала оқиды. Мектепте оқушыларға арнап футбол алаңын салу жоспарланып отыр.

"SOS Алматы балалар ауылы"  аумағында жаттығу алаңын салу көзделген. Мұнда әр балаға отбасылық көңіл-күй сыйлайтын жағдай жасалған.

"Амалия" абилитациялық орталығына (абилитация–жоғалған функцияларды қайта қалпына келтіретін оңалту процесінен (реабилитация) әлі қалыптаспаған функция мен дағдыларды игеру бойынша ерекшеленеді) сенсорлық интеграцияға арналған "Жапалақ үйі" атты арнайы жабдық сатып алынады. Бұл орталық "ерекше" балаларды толыққанды қоғамдық өмірге дайындауға көмектеседі.

"Бірінші болу - батылдық" корпоративтік қоры Талғар қаласындағы "Нұр" отбасылық балалар үйіне балаларға арналған спорт алаңын салады.

– Қорымыздың басты мақсаты – спортты барлығына қолжетімді ету. Сол себепті жыл сайын Алматы марафонынан кейін біз ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнап спорт инфрақұрылымын саламыз. Алматы марафоны құрылғалы бері 8 жыл ішінде жарысқа қатысатын жүгірушілердің арқасында 17 қайырымдылық жобасы жүзеге асты. 2019-жылы үш қайырымдылық мақсатты орындау үшін 26 миллион теңге бөлінді. 2020 жылы балаларға арналған  мекемеге 35 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмегін көрсету жоспарланған, – дейді "Бірінші болу - батылдық" корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Естеріңізе салайық, "Алматы марафоны-2020"19-сәуірде өтеді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 18 мыңдай әуесқой спортшы келеді деп күтіледі.

А. Рысдәулет