"Тараз" премьер-лигадағы орнын сақтап қалды

Қазақстан Премьер-лигасының келесі маусымында бақ сынайтын командалардың тізімі анықталды. Бүгін "Тараз" бен "Ақжайық" жоғарғы дивизионның жолдамасын сарапқа салды.

Оралда өткен алғашқы матчта қос команда гол соға алмай, тең тарқасқан болатын. Енді Таразда қарымта матч өткізді. Алаң қожайындары алғашқы минуттан шабуылға шығып, есепті тез арада ашуға тырысты.

9-ші минутта әріптесі Рахымжан Розыбакиевтен әдемі пас алған Самат Сәрсенов есепті ашты. Араға 5 минут салып Абзал Таубай есепті еселей түсті. Ал бірінші таймның 30-ші минутында дәл осы Абзал Таубай есепті 3:0-ге жеткізді. Осы голдан кейін алаң қожайындары қорғаныста қателесіп, Александр Симчевич өз қақпасына абайсызда гол соғып алды.

Бұдан кейін командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмады. Осылайша қос матчтың қорытындысы бойынша Премьер-лигада 10 cатыға тұрақтаған "Тараз" орнын сақтап қалса, Бірінші лиганың қола жүлдегері "Ақжайық" тағы бір маусым төменгі дивизионда бақ сынайды.

Келесі маусымда Қазақстан Премьер-лигасында бақ сынайтын командалар: "Астана" (Нұр-Сұлтан), "Қайрат" (Алматы), "Ордабасы" (Шымкент), "Тобыл" (Қостанай), "Жетісу" (Талдықорған), "Қайсар" (Қызылорда), "Оқжетпес" (Көкшетау), "Ертіс" (Павлодар), "Шахтер" (Қарағанды), "Тараз", "Қызыл-Жар СК" (Петропавловск) және "Каспий" (Ақтау). 

"Тараз" – "Ақжайық" 3:1 (3:1)

Голдар: Сәрсенов 9, Таубай 14, 27 – Симчевич автогол 28

18 қараша. Тараз. "Орталық".