Футболдан 2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан құрамасы қонақта Сан-Марино құрамасын 1:3 есебімен жеңді. Сан-Марино бұл матчта іріктеудегі алғашқы голын соқты. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан І тобында 10 ұпаймен 5-орында келеді.
Кездесуді ширақ бастаған қазақстандықтар 6-минутта есеп ашты. Ян Вороговскийдің пасынан кейін Бахтиер Зайнутдинов баспен соққы жасап, қақпашыны қапы қалдырды.
23-минутта қорғаушы Гафуржан Сүйімбаев есепті еселеді.
Артынша 27-минутта Бауыржан Исламханның пасын алған Алексей Щеткин есепті 3:0-ге жеткізді.
Ойынның екінші таймында Сан-Марино құрамасы квалификациядағы тұңғыш голын соқты. Қақпашы Дмитрий Непогодов пен қорғаушылардың қатесін пайдаланып кеткен Марко Бернарди бос қақпаға доп тоғытты. Есеп – 1:3. Сан-Марино осыған дейін өткізген 8 ойында бір де бір гол соқпаған және 43 гол өткізген.
Қазақстан іріктеудегі соңғы ойынын топта 12 ұпаймен келе жатқан Шотландия құрамасымен 19 қарашада өткізеді.
Бізге әлеуметтік желілерде де қосыл
Instagram Вконтакте Facebook Twitter