Допингке қарсы агенттігі кодекске сай келмейтін елдің спортшылары Олимпиададан шеттетіледі

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Допингке қарсы агенттігі кодекске сай келмейтін елдің спортшылары Олимпиададан шеттетіледі
Фото ©️ ELGA LabWater

V Бүкіләлемдік Допингке қарсы конференциясында тыйым салынған дәрумендерді қолдану туралы ережелерді қатаңдату мәселелері қарастырылды.

БӨЛІСУ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов бастаған қазақстандық делегация WADA ұйымының бас директоры  Оливьер Ниггле мен WADA–ның Азия өңіріндегі кеңсесінің басшысы Казухиро Хайашимен кездесті. Басқосуда қазақстандық тарап допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін арттыру сұрақтарын қамтитын заң жобасы туралы кеңінен айтып берді.

Ниггле мырза Қазақстан Үкіметінің аталған бағытта қолға алып жатқан реформаларын жоғары бағалап, болашақта допингпен күрес мәселесінде ынтымақтастықтың нығаятынына сенім білдірді.

- Олимпиада ойындарына дейін алынған допинг сынамалар болашақта 10 жыл сақталатын болады. Бұл допинг-сынамаларды сақтау мен оларды қайтадан сараптамадан өткізудің жаһандық бағдарламасы болмақ, - деді Хайаши.

Сонымен қатар, қос тарап допингке қарсы кодекс пен халықаралық допингке қарсы стандарттардың қайта қаралу процесін талқылады. Жаңа халықаралық стандартқа сүйенсек, қандай да бір елдің допингке қарсы агенттігі халықаралық кодекске сай келмейтін болса, сол елдің спортшысы жарыстан шеттетіледі, оның қатарында Олимпиада ойындары да бар.

2017 жылдың желтоқсанында  WADA ұйымы допингке қарсы кодекс пен халықаралық допингке қарсы стандарттарды қайта қарау процесін бастаған болатын. Содан бері 2000 түзетулер өңделіп, өзгеріске ұшыраған құжатты әлемдік заңгерлер сараптаудан өткізген болатын. 2017 жылдан бері қаралып келе жатқан өзгерістер Польшадаға конференцияның да басты тақырыптарының бірі болмақ. 

Бұған дейін дене шынықтыру және спортқа қатысты заң жобасы Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданып, СҚР Парламенті Сенатының қарауына жіберілген болатын.

Заң жобасының негізгі мақсаты - қолданыстағы дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру, допингке қарсы ережелерді қатаңдату, Ұлттық Допингке қарсы орталықтың мәртебесін көтеру.

Заң жобасында допинг қолданған, оны қолдануға мәжбүрлеген тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қарастырылған, оның көлемі 200 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Бұдан басқа, Заң жобасында допингті қолданғаны үшін:

- жарыстан шеттету;

- жарыстың жойылған нәтижесі үшін ақшалай ынталандыруды қайтарып алу;

- спортшылар мен бапкерлерге өмір бойғы ай сайынғы материалдық қамсыздандыру төлемінен айыру;

- спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшелеріне олардың халықаралық спорттық жарыстарда спорттық жарақаттар алуы және мертігуі кезінде өтемақы төлемдерінен айыру;

- спорттық атағынан айыру;

- Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне арналған тұрғын үйден айыру;

- спортшыларды, бапкерлерді спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан шығарып тастау көзделеді.

Бүгінгі таңда ҚР қолданыстағы "Дене шынықтыру және спорт туралы заңында" Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған спортшылардың меншігіне үш бөлмелі, күміс медаль алған спортшыға екі бөлмелі, қола медаль иегеріне бір бөлмелі пәтер беру қарастырылған. 

Заң жобасында Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне баспананы 10 жыл мерзіміне дейін жалға беру, сонымен қатар, осы мерзім ішінде оны құқық меншік иелегіне аударуға тиым салынады, себебі допинг-тестердің сақталу мерзімі 10 жылды құрайды. Осы уақыт аралығында сараптама құрамынан допинг табылмаса, баспана спортшы меншігіне өтеді.  

Егер, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада жеңімпазы не жүлдегері өмірден өткен жағдайда, допинг нәтижесінің оң не терістігіне қарамастан, спортшы мұрагерлерінің атына баспана қайтарымсыз негізде беріледі.

5 қарашада Польшаның Катовице қаласында спорттағы допинг мәселелеріне арналған V Бүкіләлемдік Допингке қарсы конференция басталған болатын. Аталған жиынға бүкіл әлемнен 1000-нан астам делегат қатысып жатыр. Күн тәртібінде – допингпен күрес мәселесі. Сондай-ақ, конференция барысында Польшаның спорт және туризм министрі  Витольд Банька Бүкіләлемдік Допингке қарсы Агенттік  ұйымының (WADA) басшысына тағайындалады.