"Канело" Ковалевты нокаутқа түсірді

"Канело"  Ковалевты нокаутқа түсірді
Фото: /m.allboxing.ru

Мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес ресейлік Сергей Ковалевты ұтып, жартылай ауыр салмақта WBO чемпиондық белбеуін иеленді.

Жекпе-жек кеші Лас-Вегастағы MGM Grand аренасында өтті. Екі боксшы басты шайқаста жұдырықтасты.

Бастапқы раундтарды боксшылар бір-бірін аңдумен өткізді. Ресейлік боксшы шабуылдауға асықса, "Канело" бірінші нөмірмен жұдырықтасуға тырысты. Алтыншы раундта Альварес айқын басымдық танытып шықты.

Сергей Ковалев та сескене қойған жоқ. Сегізінші раундта мексикалықты біраз қыспаққа ала білді. Бірде жұдырығы дәл тисе, бірде ауа қармады.

11 раундта "Канело" Ковалевты нокаутқа түсірді. Мексикалықтың жойқын соққыларынан кейін ес жия алмады.

36 жастағы ресейлік боксшы мансабында төртінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Сауль Альварес болса 53-ші жеңісіне қол жеткізді.

Айта кетейік, Лас-Вегастағы бокс кешінде отандасымыз Мейірім Нұрсұлтанов та шаршы алаңға шықты. Мексикалық Кристиан Олисвасты төрешілер шешімі бойынша жеңіп шықты.

Т. Есқали