Қазақстан NOMAD MMA бойынша Азия чемпионатында бірінші орын алды

Қарағанды қаласында NOMAD MMA бойынша Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге 632 спортшы қатысты.

Пәкістан, Иран, Үндістан, Бангладеш, Ресей, Ауғанстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қазақстанның спортшылары өзара мықтыны анықтады. Жарысты Қазақстан жекпе-жек өнері қауымдастығы, Біріккен ММА аралас жекпе-жек Федерациясы, Бүкіләлемдік NOMAD MMA федерациясы және Республикалық  NOMAD MMA федерациясы ұйымдастырды.

Азия біріншілігінің ашылу салтанатына Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешев, Бүкіләлемдік NOMAD MMA федерациясының президенті Мұхтар Тінікеев, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов, Nomad MMA жекпе-жек өнерінің негізін қалаушы Сергей Ан, Біріккен ММА аралас жекпе-жек Федерациясының директоры Валихан Тен, Республикалық  NOMAD MMA федерациясының президенті Гаджи Гаджиев қатысты. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас директоры, Ассоциацияның вице-президенті Талғат Қалиев жарыстың құрметті қонағы болды.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Қазақстан бірінші орынға жайғасты. Біздің спортшыла 46 алтын жүлдені қоржынға салды. Ресей спортшылары екінші орынға табан тіресе, үздік үштікті Пәкістан құрамасы түйіндеді. Жалпы алғанда жарыста 192 медаль сарапқа салынды.

Республикалық NOMAD MMA федерациясының президенті Гаджи Гаджиев жарыстың басты мақсаты денсаулығы мығым, рухы мықты жас ұрпақты тәрбиелеу екенін атап өтті.

- Жекпе-жек өнерімен айналысатындардың бәрі ешқандай шекара, қашықтық және ұлтқа қарамастан бір үлкен отбасыға жатады. Ал бұл отбасы жылдан жылда үлкейіп келеді", - деді Гаджиев.

Спортшыларды құттықтау сөзін алған Біріккен ММА аралас жекпе-жек Федерациясының директоры Валихан Тен Nomad MMA жекпе-жек өнерінің негізін қалаушы Сергей Анға және Біріккен ММА аралас жекпе-жек Федерациясының вице-президенті, Республикалық NOMAD MMA федерациясының президенті Гаджи Гаджиев денсаулыққа зиян келмейтін аралас жекпе-жек өнерінен осындай ауқымды жарысты ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

Биылдан бастап ММА аралас жекпе-жек өнеріне қатысатын 15 жасқа дейінгі балалар NOMAD MMA ережесі бойынша және алдын ала бекітілген күнтізбелік жарыстарға ғана қатыса алады. Бұл ережелер жас балалардың денсаулығына еш зиян тимей өсуіне арналған. 

Жарыс соңында Бүкіләлемдік NOMAD MMA федерациясының президенті Мұхтар Тінікеев Иран және Ауғанстан өкілдеріне қауымдастыққа кіргені жөнінде сертификатты тапсырды. Осылайша, бүгінде Бүкіләлемдік NOMAD MMA федерациясының құрамына мыңнан астам спортшы кіреді. 15 жылда ұйымның қарамағына 18 мемлекет енді.