Қазақстан әскерилері дзюдодан әлемнің үздік бестігіне кірді

Дзюдодан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің командасы Қытайдың Ухань қаласында өткен 7-ші Бүкіләлемдік әскер ойындарында командалық сында төртінші орын алды.

Командалық сында әр құрамадан бес дзюдошыдан белдесті. Ал Қазақстан құрамасы болса 90 кодан жоғары салмақсыз бақ сынады. Жеребе бойынша бірінші қарсылас атанған Әзірбайжан құрамасын дзюдошыларымыз 3:0 есебімен тізе бүктірді. Одан кеійн Беларусь құрамасы 3:2 есебімен жеңіліс тапты. Ал жартылай финалда Қазақстан Ресейге қарсылас атанып, 3:0 есебімен ұтылып қалды.

Жүлделі үшінші орын үшін өткен ойында біздің құрама Оңтүстік Корея командасына есе жіберіп, төртінші орынды місе тұтты.

- Командалық сында жақсы нәтиже көрсеттік. Әрине, жүлде аламыз деген жоспар болды. Мақсатымызға жетуге сәл-ақ жетпеді. Жеке бақ сынағаннан гөрі командалық сында белдескен әлдеқайда қиын. Тек татамиде ғана емес, оның сыртында да күресеміз, - деп пікірімен бөлісті жарыстан соң Қазақстан Қарулы Күштері командасының мүшесі Ғұмар Қырғызбаев.

Командалық есепте жартылай финалда Қазақстанды жеңген Ресей құрамасы үздік шықса, екінші орынды Бразилия дзюдошылары алды. Үздік үштікті Оңтүстік Корея мен Франция құрамалары бөліп алды.

Айта кетейік, 24-26 қазан күндері Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Әбу-Дабиде өтетін дзюдодан әлемдік Grand Slam кезеңі өтеді. Байрақты бәсекеде ел намысын Елдос Сметов бастаған құраманың бірінші нөмірлі дзюдошылары қорғайды. Қазақстан сапынан 16 дзюдошымыз, оның ішінде ерлер 12, қыздар 4 салмақта жүлдеге таласып көреді.