WBC Олимпиадаға қатысқан кәсіпқой боксшыларды шеттетеді

WBC Олимпиадаға қатысқан кәсіпқой боксшыларды шеттетеді
Фото: boxing2019.com

Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) алда келе жатқан 2020 жылғы Олимпиада ойындарына қатысатын кәсіпқой боксшыларға жаза қолданады.

Ұйымның президенті Маурисио Сулейман Мексика бокс федерациясының аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы Энди Руисты Олимпиадада ел намысын қорғауға ұсыныс жасауына қатысты былай пікір білдірді:

"WBC кәсіпқой боксшылардың Олимпиада ойындарына қатысуға үзілді-кесілді қарсы. Олимпиада әуесқой боксы кәсіпқойдан мүлдем басқаша. Бұлар спорттың екі түрі. Мұндай тәжірибе өте қауіпті болмақ. Біз бұған келісе алмаймыз. WBC Олимпиадада бақ сынауға бел шешкен кез келген кәсіпқой боксшыны, чемпион болғанына қарамастан, кем дегенде екі жылға шеттеді".

Маурисио Сулейман кәсіпқой боксшыларды әуесқой турнирлерге қатыстыруға әу-баста-ақ қарсы болған. WBC президенті кәсіпқойлар әлі пісіп-жетілмеген әуесқойлардың денсаулығына зақым келтіретініне сенімді. Дегенмен 2016 жылғы Олимпиада ойынына қатысқан кәсіпқой боксшы Амнат Руенронг бар болғаны 1/8 финалға дейін жеткен еді.

Бірақ жақында Ресей жерінде өткен әлем чемпионатында елді елең еткізген оқиға болды. Әлем чемпионы атанған ауыр салмақтағы Баходир Джалолов (6-0, 6КО) америкалық қарсыласы Ричард Торресты ауыр нокаутқа түсіріп, денсаулығына зақым келтірген еді.

 
А. Рысдәулет