Дәулет Ниязбеков әлем чемпионы атана алмады

Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақ балуаны Дәулет Ниязбеков жеңімпаз атана алмады. Отандасымыз финалда ресейлік Гаджимурад Рашидовқа жол берді.  

Еркін күрестен 65 килоға дейінгі салмақта белдескен балуандар бәсекесі уақытынан ерте аяқталды. Гаджимурад алғашқы минуттардан-ақ ұпай алып, жеңіске бастар жолды тапты. 11:0 есебімен ұтып, әлем чемпионы атанды. Дәулет - күміс жүлдегер!

23 жастағы ресейлік балуан мансабында алғаш рет әлем чемпионы атанды. Осыған дейін екі рет (2017, 2018) финалға шығып, жолы болмаған еді. 

30 жастағы Дәулет күміс жүлдегер ғана емес, Токио Олимпиадасының жолдамасын иеленді. 2013 жылы әлем чемпионатының қоласын алған. Үш дүркін Азия чемпионы. 

57 кило салмақта Нұрислам Санаев қола жүлдеге қол созды. Серб балуаны Стеван Мичичті 4:3 есебімен ұтып, мансабында екінші рет әлем чемпионатында жүлде алды. Өткен жылы күміс алған болатын.