AVANGAR Қытайда өтетін беделді турнирге шақырту алды

AVANGAR Қытайда өтетін беделді турнирге шақырту алды
Фото: Коллаж © Massaget

Counter Strike: Global Offensive (CS:GO) дисциплинасы бойынша өнер көрсететін қазақстандық AVANGAR киберспорт командасы Asia Championships 2019 турниріне шақырту алды.

Қазақстандық ұжым жарысты бірден топтық кезеңнен бастайды. Сондай-ақ беделді турнирге AVANGAR-дан бөлек ENCE, MIBR және NRG Esports секілді әлемге танымал командалар шақырту алған екен. Өзге қатысушылар іріктеуден өтеді. Байрақты бәсеке 21-24 қараша күндері Қытай елінде өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры $500 мыңды құрайды. 

Күні кеше AVANGAR BLAST Pro Series Moscow 2019 турнирін жеңімпаз атанған болатын. Финалда forZe ұжымын 2:1 есебімен ұтқан қазақстандық команда $125 мыңды қанжығасыына байлады. Ал оның алдында StarLadder Berlin Major 2019 беделді турнирінде финалға дейін жетіп, сенсация жасаған еді. Германияның астанасы Берлинде өткен турнирдің финалына шығып, Astralis командасынан жеңіліс тапты. 

Дегенмен мұндай нәтижеден соң AVANGAR ұжымы HLTV рейтингінде бірден 9 сатыға көтеріліп, 6-шы орынға жайғасу арқылы әлемнің үздік 10 командасының қатарына енді. Бұған дейін AVANGAR-дың үздік нәтижесі 13-ші орын болатын.

*AVANGAR - құрылғанына көп өтпесе де біраз жетістікке жетіп үлгерген. 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. Бұл ұйымның жігіттері екі ойыннан да жақсы нәтижелерге жетіп жүр. CS:GO және PUBG құрамдары онлайн және LAN турнирларында, іріктеу жарыстарында алдыңғы қатарлардан көрініп жүр. 

Қазіргі таңда AVANGAR-дың намысын қазақстандық Дәурен Қыстаубаев, Айдын Тұрлыбеков және Алексей Голубев, өзбекстандық Санжар Кулиев және ресейлік Али Джами қорғайды.

А. Рысдәулет