2020 жылы GGG мен "Канело" үшінші рет жұдырықтасады

2020 жылы GGG мен "Канело" үшінші рет жұдырықтасады
Фото: AL BELLO/GETTY IMAGES

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (52-1-2, 35 КО) 2020 жылы үшінші рет жұдырықтасады. Бұл туралы Golden Boy Promotions промоутері Оскар Де Ла Хойя DAZN жүргізушісі Крис Манникспен болған сұқбат кезінде айта кетті.

Тура 1 жыл бұрын "Канело" қазақстандық боксшыны ұпай айырмасымен ұтып, чемпиондық белбеулерді жеңіп алған еді. Ал 2017 жылы өткен жекпе-жекте тең түскен болатын.

- Головкин келесі жылғы қарсыластарымыздың бірі. Басқалай болмайды! Адамдар осы жекпе-жекті қайта көргісі келері сөзсіз. Әлем жұртшылығы күтіп жүр десек те болады. Головкин бұған лайықты, - деді Де Ла Хойя.

Негізі екі боксшы арасындағы жекпе-жек осы қыркүйекте өтеді деп күтілген. Алайда мексикалық боксшы жұдырықтасудан бас тартты. 2 қараша күні ресейлік Сергей Ковалевпен қолғап түйістіруді ұйғарған.

Worldboxingnews.net  сайты жекпе-жек уақытын хабарлап та үлгерді. Екі боксшы 2020 жылдың 2 мамырында шаршы алаңға шығуы мүмкін.

- Алдымен Канело 2 қараша күні төртінші салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атағын алу үшін Сергей Ковалевпен жұдырықтасады. Одан кейін мексикалық бокс жұлдызы Головкинмен үшінші кездесуіне дайындалады.

29 жастағы мексикалық жылына екі жекпе-жек өткізеді. Көбіне мамыр мен қыркүйек айларына жоспарлайды. Головкинмен келер жылдың 2 мамырында жұдырықтасуы бек мүмкін, - деп жазады басылым.

Айта кетейік, Геннадий Головкин 5 қазан күні Нью-Йоркте IBF белбеуі үшін украиналық Сергей Деревянченкомен жұдырықтасады.

Н. Үсенова