US Open. Рафаэль Надаль төртінші рет топ жарды

US Open. Рафаэль Надаль төртінші рет топ жарды
Фото: Reuters

Теннистен "Үлкен дулыға" санатындағы АҚШ ашық біріншілігінде ерлер арасында испаниялық танымал теннисші Рафаэль Надаль топ жарды.

Нью-Йоркте өткен жарыстың финалында Рафаэль Надаль ресейлік теннисші Дмитрий Медведевпен ойнады. 4 сағат 50 минутқа созылған ойында испандық теннисші 5:7, 3:6, 7:5, 6:4, 4:6 есебімен жеңіске жетті.

АТР рейтингінде екінші орында тұрған Рафаэль Надаль US Open жарысында төртінші рет топ жарды. Осыған дейін 2010, 2013 және 2017 жылдары жеңімпаз атанған. Сондай-ақ, ол Roland Garros (Франция ашық чемпионаты) чемпионатында он екі мәрте, Wimbledon-да (Ұлыбритания ашық чемпионаты) екі рет және Australian Open-де (Аустралия ашық чемпионаты) бір мәрте жеңіске жеткен. Барлығы "Үлкен дулыға" санатындағы турнирлерде 19 рет жеңімпаз болған. Бұл нәтижесі бойынша Роджер Федерерден кейін (20 рет жеңімпаз болған) екінші орында келеді.

US Open - "Үлкен дулыға" турнирлері маусымындағы төртінші әрі қорытынды жарыс. Биыл жүлде қоры 57 миллион долларды құрады. Рафаэль Надаль жеңісі үшін - $3,85 млн, Медведев $1,9 млн алды.

Айта кетейік, әйелдер арасындағы биылғы турнирде канадалық Бьянка Андрееску жеңімпаз болды. Ол финалда америкалық Серена Уильямстан айласын асырды. 

Н. Үсенова