UFC 242. Хабиб чемпиондық атағын қорғап қалды

UFC 242. Хабиб чемпиондық атағын қорғап қалды
Фото: Sportbox

Жеңіл салмақта бақ сынайтын ресейлік ережесіз жекпе-жек шебері Хабиб Нурмагомедов UFC тұжырымындағы чемпиондық атағын қорғап қалды. Абу-Дабиде өткен UFC 242 турнирінің басты жекпе-жегінде америкалық спортшы Дастин Порьені жеңді.

Жекпе-жек үшінші раундқа дейін созылды. Ресейлік спортшы оған дейін қарсыласына айқын басымдығын мойындатып келген.  Соңында қылқындыру әдісі арқылы жеңіске жетті.

Бірінші раундта Хабиб қарсыласына мүлде мүмкіндік берген жоқ. Тіпті сүйікті әдісіне салып, ерте ұтып шыққысы-ақ келген. Бірақ уақыт жетпеді. Екінші раундта Дастин Порье бір сәтті шабуыл жасап, қарсыласын есеңгіреткендей көрінген. Хабиб өз әдісіне басып, есе жіберген жоқ.

Үшінші раундта бірінші болып Дастин Хабибті құрсауына алды. Ресейлік чемпион сытылып шығып, жеңіске бастар жолды тапты. Осылайша 2018 жылы америкалық Эла Яквинтаны жеңіп иеленген чемпиондық атағын қорғап қалды.

Хабиб Нурмагомедов 28 рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жетіп келеді.

Н. Үсенова