"Астана" Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды

"Астана" Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды
Фото: Vesti.kz

Елордалық "Астана" Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде "Валлеттаның" күл-талқанын шығарды.

Нұр-Сұлтанда өткен алғашқы матч 5:1 есебімен аяқталған болатын. "Астана" бірінші ойында өз нәтижесін көп күттірмеді. 8 минутта команданың исландиялық легионері Мар Сигурьонссон есеп ашты. 15 минутта Юрий Логвиненко әуелей келген допты баспен ұрып, қонақтар қақпасында тулатты. Араға 20 минут Марин Томасов есепті 3:0-ге жеткізді. Екінші тайм басында да "Астананың" шабуылшы қарқынды болды. 57 минутта Мар Сигуронссон дубль авторы болды. "Валлетта" да құралақан қайтпады. Марио Фонтанелло бір гол соқты. Екінші таймда алаңға шыққан Ромело Янга "Астананың" ойындағы бесінші голын соқты.

Қарымта ойынға 4 доп айырмасымен келген елордалықтар бұл жолы да қарсыласынан бір бас жоғары екенін дәлелдеді. Та-Кали қаласында өткен матчта Роман Григорчуктың шәкірттері "Валлеттаның" қақпасына жауапсыз төрт гол соқты. 28-ші минутта Серікжан Мужиковтен әдемі пас алған Роман Муртазаев есепті ашты. Ал бірінші таймның аяқталар тұста Марин Томасов есепті еселей түсті. 

Екінші таймда "Астана" қарқынан үдете түсті. 68-ші минутта Роман Муртазаев дубль жасаса, матчтың соңында қорғаушы Абзал Бейсебеков қорытынды есепті тіркеді. Осылайша қос матчтың қорытындысы бойынша 9:1 есебімен Қазақстан чемпиондары Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Плей-офф сынында «Астана» Беларусьтің БАТЭ командасымен кездеседі. Бірінші матч 22-ші тамыз күні, қарымта ойын 29-ы өтеді.

А. Рысдәулет