Қазақстандық спортшы триатлоннан Азия Кубогін жеңіп алды

2019 Almaty ASTC Triathlon Asian Cup сайысында Аустрия. Венргия, Германия, Гонконг, Иордания, Қазақстан, Қырғызстан, Палестина, Польша, Румыния, Сербия, Сирия, Өзбекстан, Филиппин, Франия, Швейцария, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, Жапония секілді әлемнің 19 елінен келген 69 (46 ер және 23 әйел) спортшы сайысқа түсті.

Алматының Сайран көлінің жағасындағы сайыстың ерекшелігі сол, бұл додада спортшылар тек жүлделі орындар үшін ғана емес, Токиодағы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін рейтингтік ұпайлар үшін бақ сынасты.

Сайысқа бірінші болып нәзік жанды арулар шықты. Бастапқыда +26°С ауа температурасы мен су температурасы +21°С көрсетіп жарыстың қолайлы өтуіне жол ашқандай көрінсе, бар жоғы бір сағаттың ішінде Сайранның жағалауын аптап ыстық басып, ауа температурасы 35 градуске дейін көтеріліп кетті. Бұл кейбір спортшы қыздардың жарыстағы нәтижелеріне әсерін тигізді – ыстыққа шыдамай кореялық бір спортшы жарыстан шығып қалса, оңтүстік африкалық спортшы мәреден кейін өзін нашар сезінді.

Дода басталмастан бұрын кореялық Юн Чун Чан (азиялық рейтингте 8-ші орын), қазақстандық Арина Шульгина (11-орын) және жапондық Маико Ниши (16-орын) жүлделі орындардан үміткер ретінде саналған. Әйткенмен триатлонда көптеген тосынсыйлар болып тұрады. Қысқа "спринтерлік" (750 м жүзу, 20 км велокезең, 5 км жүгіру) қашықтықтың көшін ешкімнің назарына іліне қоймаған, құрлықтық рейтингте бар жоғы 80-орында тұрған неміс спортшысы Лина Волкер бастап кетті.

Қысқаша айтқанда, жанкүйерлер үлкен спорттық сенсация күтті. Әйтсе де, веложарыстан кейін ұлттық құрама мүшесі Арина Шульгина тізгінді қолға алды. Жүгіру кезеңінде барлық қарсыластарының алдын орап, 1 сағат 3 минут 43 секунд нәтижесімен жеңімпаз атанды. Екінші орында – корейлік Йе Джин Парк. Ол 1 сағат 3 минут және 57 секунд нәтиже көрсетті. Үшінші орынды Парктың жерлесі Гири Ким 1 сағат 4 минут 8 секунд нәтижесімен тұйықтады.

- Жүзу кезеңінде позициямды дұрыс таңдамадым, - дейді мәреден кейін Арина Шульгина, - транзиттік зонада қателікетер жіберіп қойдым. Бірақ артынан веложарыс кезінде дұрысталып, қарысластарыма жетіп алдым, әрі қарай барлығы ойдағыдай аяқталды. Оның үстіне менің ең мықты қырым жүгіру екендігіне қарамастан, жүгіру кезеңі өте ауыр болды. Жүгіру трассасы өте күрделі – бұрылыстар биік әрі күн аптап ыстық болды, - дейді.

Ерлер арасында спорт сарапшылары әлемнің үздік 100 спортшыларының қатарына кіретін Гонгконктан келген Оскар Коггинс (құрлықтық рейтингте 3-орын), қазақстандық Аян Бейсенбаев (4-орын), жапондық Рен Сато (6-орын), Феликс Дюшамп (25-орын) және серб Огнен Стоянович (49-орын) сынды спортшыларды сайыс фавориттерінің қатарына қосты.

Нәтижесінде ITU атынан өнер көрсетіп жүрген Феликс Дюшамп 55 минут 51 секунд уақытымен күрделі сайыста қарсыластарының алдын орап, алтын жүлдеге ие болды. Екінші орынды 56 минут 9 секунд уақытымен Оскар Коггинс алса, 56 минут 20 секунд нәтижесімен Огнен Стоянович үшінші орыннан көрінді. Аян Бейсенбаев болса 56 минут 35 секунд уақыт көрсетті.

Алматыда өткен триатлоннан Азия Кубогін қорытындылай келе, бас ASTC (құрамына 35 ел кіретін Азиялық триатлон конфедерациясы) техникалық делегаты Бьямба Цагаанбаатар (Монғолия) оңтүстік астанамызда өткізілген халықаралық іс-шараға өте жоғары баға берді. «Қазақстан триатлонның даму орталығына айналды, - дейді делегат. Қазақстандық триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімовтің бастамасымен Орта-Азиялық Триатлон Ассоциациясының (САТА) құрылуы бұған дәлел бола алады. Бүгінгі таңда ұйым құрамына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран және Ауғанстан елдері кіріп отыр.

Олимпиада ойындарына лицензия алу жайына келетін болсақ, триатлоннан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Андрей Глущенко өз ойымен бөлісті:

- Арина Шульгина лицензия жеңіп алып Олимпиадада өнер көрсететіне 90 пайызға сенімдімін. Ерлер арасында бізде Аян Бейсенбаевтың үлкен мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, жап-жас Дарын Қонысбаев жүгіруден бүгінгі таңда Азия құрлығындағы ең үздік болып отыр. Бар жоғы 20-ақ жаста болса да, жүзуден шеберлік танытып келеді, алдағы уақытта лицензияны жеңіп алуға өте үлкен мүмкіндіктері бар. Токио-2020-да триатлоннан Қазақстанда кемінде екі лицензия болады деп ойлаймын, - деді.