Андрей Шевченко Украина құрамасын жаттықтырудан бас тартты

Андрей Шевченко Украина құрамасын жаттықтырудан бас тартты

Даңқты украиндық шабуылшы Андрей Шевченко өзінің ұлттық құрамасының бапкері болудан бас тартты.

Өткен аптада Украина футбол федерациясының президенті Анатолий Коньков Шевченкоға ұлттық құраманың тізгінін ұстауды сұраған болатын. Сол мәселе бойынша бүгін Украина футбол қауымдастығының президенті мен Андрей Шевченко арасындағы кездесу өтті. Осы кездесуден кейін Украина құрамасының экс-капитаны ұлттық құраманың бас бапкері болмайтындығын мәлімдеді.

«Көп жылдар бойы ұлттық құрама сапында өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Мен үшін бұл үлкен құрмет болды. Құрама сапында өткізген әрбір кездесу менің есімде мәңгілік сақталып қалады. Украина футбол федерациясының басшысы Анатолий Коньковтың құраманы жаттықтыру туралы ұсынысына көп рақмет. Сонымен қатар мені бапкерлікке ұсынған уақытта «ия» және «жоқ» деп қолдау көрсеткен мамандарға да алғысымды білдіремін. Меніңше, Украина құрамасының тізгінін ұстау маған әлі ертелеу. Мен еді ғана спорттық мансабымды аяқтаған спортшымын. Сондықтан да бапкерліктің қыр-сырын меңгеру үшін маған уақыт керек», - дейді Шевченко.

«Менің бұл шешімімді Украина футбол қауымдастығының басшылары дұрыс түсінер деп ойлаймын. Мен біздің құрама 2014 жылы өтетін әлем біріншілігіне шығатынына кәміл сенемін. Өз тарапымнан кез келген уақытта ұлттық құраманы қолымнан келгенше қолдап жүремін», - деп Андрей Шевченко Анатолий Коньковпен өткен кездесуден соң тілшілерге берген сұхбатын аяқтады.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: eurosport.ru

Ю. НИКУЛЛИН