"Tour of Almaty – 2019" тамыз айында өтеді

"Tour of Almaty – 2019" тамыз айында өтеді
Фото: massaget.kz

Биыл "Алматы туры" веложарысы жетінші рет жалауын көтереді. Велодода 30-31 тамызда өтеді, - деп хабарлайды жарыстың ұйымдастыру комитеті. 

Бұл жолы жарыс ұйымдастырушылары қыркүйек пен қазан айларында өтіп жүрген жарыстың уақытын тамыз айына ауыстырды. Оның себебі де бар. 

- "Алматы Туры" сол баяғы бағыт-бағдарын ұстана отырып, екі күнге созылады. Дегенмен, кейбір бағыттары өзгеріп, турдың жарыс жолы кішігірімп өзгеріске ұшырайды. Бұл жолы жарыстың біршама бөлігі асфальтты жерде өтсе, қалғаны таулы аймаққа қарай кетеді. Яғни "Медеуге" қарай созылатын жолмен велошабандоздар таулы аймақты бағындырып көреді. 

Ал енді жарыстың өту мерзіміне келсек, биыл ыңғайлы уақытты алып отырмыз. Себебі, бұл жарыс басталғалы бері күздің қара суығында өтіп келді. Кейіннен кыркүйекке ауыстырылды. Халықаралық велошабандоздар қауымдастығы (UCI) жарысты өткізуге қолайсыз уақытты беріп келді. Ол кезде көп жағдайда шабандоздардың барлығы Әлем чемпионатына кетіп қалатын. Биыл енді тамыз айында өтетіндіктен додаға мықты шабандоздар келеді деген сөз. 

UCI "Алматы турына" көпшіліктің көңілі ауып, тіпті қала әкімінің осы жарысқа көп ынта білдіретінін байқап отыр. Ал біз өз кезегімізде жарысқа танымал велошабандоздарды шақырып, доданың абыройының арта беруі үшін қызмет ете бермекпіз", - деді Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Аманбек Кульчиков

Сонымен қатар, оның айтуынша "Алматы туры" жарысының алғашқы күні жарыс қаланың негізгі даңғыл көшелерімен мен өзге көшелерінде өтеді. Сондықтан да қала тұрғындарына жарыстың өтуі аса қатты қиындық тудырмайды. 

Жарыстың алғашқы кезеңі "Индустриалды парктен" бастап "Алматы Арена" қасында мәресіне жетеді. 118 шақырымға созылатын жарыс өте тартысты өтуі тиіс. Себебі, жарыс қашықтығының аздығы оны динамикалық түрде өтетіндігіне септігін тигізеді. 

Ал екінші күні жарыс қайтадан әл-Фараби даңғылына оралады. Онда олар Шығыс айналма жолы арқылы 4,5 айналым жүреді де "Медеу" мұз айдынына қарай беттейді. Екінші жарыс күнінің ұзақтығы 160 шақырымды құрамақ. 

UCI тәртібіне сейкес бұл жарысқа кәсіпқой, жартылай кәсіпқой, ұлттық құрамалар әрі конти командалар қатыса алады. Еліміздің кәсіпқой командасы Astana Pro Team да бұл жарысқа міндетті түрде қатысады. 2019 жылғы сайысқа жалпы алғанда 21 команда қатысады деп күтілуде. 

"Алматы Туры – 2019" жарысының негізгі көрсетілімін "Qazaqstan" телерадиокорпорациясы және оның құрамына кіретін "Qazsport" арнасы жасайды. Ал жарыстың екінші күнін 60 миллионға жуық көрермені бар "Евроспорт" арнасы көрсететін болады.

Н. Үсенова