Еуропа лигасы. "Тобыл" бірінші ойында тең түсті

Футболдан жаңа маусымдағы Еуропа лигасының іріктеу кезеңдері басталды. Қостанайдың "Тобыл" командасы бірінші ойынын сырт алаңда өткізіп, "Женесспен" тең түсті.

Люксембургте өткен ойында гол соғылған жоқ. Командалар 0:0 есебімен тарқасты. Қарымта ойын 18 шілде күні "Астана Аренада" өтеді. Әуежайдағы жөндеу жұмыстарына байланысты команда өз ойындарын Қостанайда өткізбейді.

Айта кетейік, биылғы еурокубок ойындары "Астананың" ойынымен басталды. Елордалық команда Румынияның ЧФР командасын бірінші ойында 1:0 есебімен ұтты. Ал Еуропа лигасында бүгін "Ордабасы" Грузияның "Торпедо Кутаиси" командасымен ойнайды. Бұл ойын Шымкентте өтеді. Алматының "Қайраты" Боснияда "Широки Бриегпен" кездеседі.