"Қазақтың Мессиі" "Қайратта" ойнайды

"Қазақтың Мессиі" "Қайратта" ойнайды
Фото: fckairat.kz

"Қазақтың Мессиі" деп танылған футболшы Еркебұлан Сейдахмет мансабын Алматының "Қайрат" командасында жалғастырады. Бұл туралы команданың ресми сайты хабарлады.

Еркебұлан "Тараз" футбол мектебінің түлегі. Футболдағы мансабын да 2017 жылы осы команда сапында бастаған. 1 сәуір күні "Тобылға" қарсы ойында алаңға шыққан. Сол маусымда шабуылшы команда сапында премьер-лигада 15 ойынға қатысып, "Ертіске" қарсы ойында 1 гол соқты.

2018 жылдың ақпан айында футболшы Ресейдің "Уфа" командасына ауысты. Наурыз айында "Анжиге" қарсы ойында алаңға шықты. Ресей премьер-лигасында ойнаған 2000 жылғы алғашқы ойыншы болды. Араға 1 жыл сала ол Болгарияның "Левски" клубына уақытша ауысты.

София қаласы командасының сапында Еркош алғашқы ойынын 2019 жылдың 15 наурызында өткізді. Чемпионат қорытындысы бойынша командасы қола жүлде еншіледі.

Еркебұлан Сейдахмет ұлттық құрама сапында да ойнап үлгерді. Венгрияға қарсы жолдастық кездесуде мергендігімен көзге түсіп, Қазақстан құрамасы сапында гол соққан ең жас ойыншы (18 жас, 1 ай, 19 күн) атанды.

Футболшы мен алматылық команда үшжылдық келісімшартқа қол қойған. Ары қарай тағы 2 жылға ұзартуы да мүмкін. Командада 10-шы нөмірлі жейдемен алаңға шығады.

Ө. Сансызбай