AVANGAR қазақстандық ойыншысын сатылымға қойды

AVANGAR қазақстандық ойыншысын сатылымға қойды
Фото: Avangar

Қазақстандық AVANGAR командасының сапында өзгеріс болды. Бір жыл бойы өнер көрсеткен Бектияр fitch Бақытов командадан кетті.

Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі ресми мәлімдеді. Бектияр Бақытов негізгі құрамнан алынып, трансферге шығарылды. Fitch лақап атымен танымал ойыншы AVANGAR командасының сапына өткен жылдың шілде айында қосылған болатын. Кәсіпқой мансабын 2015 жылы PARTY командасында бастаған Бектияр Бақытов бірден өзінің дарынымен көзге түсті. Артынша отандық Tengri ұжымында өнер көрсетті. Бір жылдары дүркіреп тұрған Gambit Esports командасының құрамында болды. Әзірге оның мансабын қайда жалғастыратыны белгісіз.

- Бектиярға тек қана сәттілік тілеймін. Біз оны AVANGAR-ға келмей тұрып жақсы танитынбыз. Ол біздің командаға көп үлесін қосты, болашақта да ештеңеге қарамастан командамыздың бір бөлігі болып қала береді. Ал бесінші ойыншының есімі жақын уақытта белгілі болады, - дейді AVANGAR командасының жаттықтырушысы Дастан Акбаев.

AVANGAR командасының CS:GO ойынынан қазіргі құрамы:

Тимур «buster» Тулепов
Алексей «Qikert» Голубев
Джами «Jame» Али
Санжар «SANJI» Кулиев
Дастан «dastan» Акбаев (жаттықтырушы)
Айдын «KrizzeN» Турлыбеков (қосалқы ойыншы).

Айта кетейік, AVANGAR HLTV әлемдік рейтингінде үздік 15 команданың қатарында кіреді. Қазақстандық команда 186 ұпаймен 14-орында тұр.

AVANGAR - 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. 

А. Рысдәулет