Премьер-лига. "Астана" ұтылып, "Тобыл" жеңіске жетті

Премьер-лига. "Астана" ұтылып, "Тобыл" жеңіске жетті

Футболдан ел премьер-лигасының XV тур ойындары аяқталды. Көш басындағы "Астана" Шымкентте "Ордабасыға" есе жіберді. Екінші орындағы "Тобыл" өз алаңында "Оқжетпесті" ұтып, ұпайын елордалық командамен теңестірді.

Бұл турда көп жанкүйерлер назары Шымкенттегі ойынға ауды. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында ел намысын қорғайтын командалардан нәтижелі ойын күтті. Расымен, бұл ойын голға бай болды.

28 минутта Мардан Төлебек алаң иелерін алға шығарды. Араға 8 минут сала Мирзад Механович есепті еселеді. Бірінші тайм аяқталар тұста Марин Томасов "Астананың" ойындағы бірінші голын соқты. Екінші тайм бастала сала "Ордабасы" ойыншылары ойындағы үшінші голдарын соқты. Бұл жолы Тоқтар Жаңғылышбай әуелей келген допты Ненад Эрич қақпасына баспен тоғытты.

"Ордабасы" ойынды 10 ойыншымен аяқтады. 73 минутта Сергей Малый екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Нәтижесінде бірер минуттан кейін Роман Муртазаев есепті 3:2-ге жеткізді. Одан кейінгі аралықта "Астана" шабуылын үдеткенмен, таразы басын теңестіре алған жоқ.

"Астананы" өкшелеп келе жатқан Қостанайдың "Тобыл" клубы өз алаңында "Оқжетпесті" ұтты. Ойындағы екі голды да алаң иелері екінші таймда соқты. Бірін Себай Сенин, екіншісін Азат Нұрғалиев өз еншісіне жазды. Нәтижесінде ұпай санын 35-ке жеткізіп, елордалық командамен үзеңгі қағыстырды. Ал "Астана" "Тобылдан" 2 ойын артық өткізіп үлгерген.

Өзге төрт ойын да тең есеп нәтижесімен аяқталды.

"Қайсар" - "Тараз" 1:1 (1:1)
Гол соққандар: Мбомбо Куле 5 (1:0), Таубай Абзал 30 (1:1) 
Ескертулер: Таубай Абзал 36, Амирханов Мақсат 58, Барсегян Тигран 64, Сүлей Әлішер 65, Амирсеитов Ильяс 66.
Алаңнан қуылды: Сүлей Әлішер 90+7 (екінші ескерту бойынша) 

"Ертіс" - "Шахтёр" 0:0 (0:0)
Ескертулер: Каньяс Роджер 46, Парагульгов Магамед 49 - Шугаев Нияз 72
Алаңнан қуылды: Шугаев Нияз 83 (екінші ескерту бойынша) 

"Қайрат" - "Жетісу" 0:0 
Ескертулер: Ахметов Елдос 31, Әбікен Айбол 64

"Атырау" - "Ақтөбе" 1:1 (1:1)
Гол  соққандар: Саулет Ардақ 18 (0:1) , Қалмуратов Қуаныш 44 (1:1) .
Ескертулер: Макуов Айболат 39, Трофимец Игорь 90+1, Кукеев Жамбыл 90+3.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар