Мадрид Азарды күтіп алды

Мадрид Азарды күтіп алды
Фото: Sports.ru

"Сантьяго Бернабеуде" Сербия футболшысы Йовичтің таныстырылымы өткенін жазған болатынбыз. Өткен түнде дәл осы стадионда корольдік клуб өзінің кезекті ойыншысы бельгиялық футболшыны таныстырды. Азарды көру үшін стадионға 50 мың жанкүйер жиналған. Мұндай көп жанкүйер Роналду мен Кака тарансферінде ғана болған. 2009 жылы португалия футбол жұлдызын көруге 70 мың, бразилилық ойыншының таныстырылымына 55 мың жанкүйер жиналған. 

"Мен бала кезімде ініммен бірге көше футболы ойнап жүргенде-ақ "Реалдың" жанкүйері болдым. Осы клубта доп тебуді өмір бойы армандадым. Осы клубқа түбінде бір келетінімді білетінмін", – дейді бельгиялық футболшы. ©vk.com/realmadri

Азардың трансфері үшін корольдік клуб "Челсиге" 100 миллион еуро төледі. Ойыншы 5 жылдық келісімшартқа қол қойды. Таныстырылым кезінде жанкүйерлер: "Енді Мбаппені де осы алаңнан көруді қалаймыз!" деп айқайлаған. 

Ал "ПСЖ" шабуылшысы Килиан Мбаппе осы жазда клуб ауыстыруы мүмкін деген сыбыстар таралған еді. 20 жасар футболшының "ПСЖ-мен" келісімшарты 2023 жылы бітеді. Оның трансферлік құны 200 миллион еуроға бағаланған.

©Sport7.az

Таныстырылым кезінде Эден Азар: "Мен бала кезімнен осы клубтың жанкүйері болдым. Кейін Францияға кеттім, одан Англияда доп тептім. Бұл футболканы кию мен үшін мәртебе. Жаңа маусымды асыға күтемін. Мен үнемі жеңімпаз болуға тырысатынмын. "Реалмен" бірге тарихта қалуың үшін көптеген кубок жеңіп алуың керек.

Зидан – бала күнгі кумирім. Бірақ менің осы клубқа келуімнің жалғыз себебі ол емес. Ол корольдік клубта бапкер болмай тұрып та, "Реал" сапында ойнауды армандағанмын. 28 жаста осы клубқа келу кешіккен шешім деп ойламаймын. Мен үшін бұл – идеал уақыт. Менің футбол мансабымда түрлі кезең болды – "Лилль", "Челси". Енді әлемнің ең үздік футбол клубына келуім керек екендігін сездім.

Мен Ковачич арқылы Модричпен сөйлестім. Қалжыңдап 10-нөмірді сұраған едім, ол бермеді. Енді басқа нөмір таңдауым керек. Қазір қай нөмірде ойнау маңызды емес, маңыздысы – корольдік клуб белгісі бар футболкада ойнау. 

Мен әлемнің үздік клубының үздік ойыншысы емес, осы клубтың бір бөлігі болғым келеді. "Челсиде" көптеген жетістіктерге жеттім. Енді "Реалмен" жаңа белестерді бағындырғым келеді және оған дайынмын", – деді Азар.

Айта кетейік, "Реал" бір трансфер маусымында жаңа футболшылар үшін жұмсаған қаржы рекордын жаңартты. Корольдік клуб 2019 жылдың жазында жаңа ойыншылар сатып алу үшін 303 миллион еуро жұмсаған. Атап айтсақ, Эден Азар ("Челси", € 100 млн), Лука Йович ("Айнтрахт", € 60 млн), Эдер Милитао ("Порту", € 50 млн), Ферлан Менди ("Лион", € 48 млн) және Родриго ("Сантос", € 45 млн) трансферін жүзеге асырды. 

Нәтижесінде 10 жыл бұрынғы рекорд жаңарды. 2009 жылы "Реал" Криштиану Роналду ("Манчестер Юнайтед", € 94 млн), Кака ("Милан", € 67 млн), Карим Бензема ("Лион", € 35 млн), Хаби Алонсо ("Ливерпуль", € 34,5 млн), Рауль Альбиоль ("Валенсия", € 15 млн), Альваро Негредо ("Альмерия", € 5 млн), Альваро Арбелоа ("Ливерпуль", € 4 млн) және Эстебан Гранеро ("Хетафе", € 4 млн) трансферіне 258,5 миллион еуро жұмсаған болатын.  

Т. Раушанұлы