"Сантьяго Бернабеуде" Йовичтің ресми таныстырылымы өтті

"Сантьяго Бернабеуде" Йовичтің ресми таныстырылымы өтті
Фото: Sportski.mk

"Сантьяго Бернабеу" стадионында "Реал Мадридтің" жаңа шабуылшысы Лука Йовичтің таныстырылымы өтті. Футболшы медициналық тексеруден өткен соң, екі тарап 6 жылдық келісім шартқа қол қойды. 

Таныстылырылым рәсімінен cоң 21 жастағы ойыншы алаңға шығып, мыңдаған жанкүйерге сәлем беріп, доппен қалай жұмыс істейтінін паш етті және фотосессияға түсті.

©espreso.rs

"Мен әлемдегі бақытты жігітпін, себебі ұлы клубпен келісім шартқа отырдым. "Реал" жеңісіне өз үлесімді қосамын. Қолымнан келгенше аянып қалмаймын. Дұрыс таңдау жасағаныма сенімдімін", – деді Йович. 

©realmadrid.com

Салтанатты шараға корольдік клубтың президенті Флорентино Перес те қатысты. "Жаңа жоба, жаңа маусым есік қағып тұр. Енді жұмыс істеуіміз керек. Өткен жыл клуб үшін сәтсіз болды. Оған бар күшімізді салып қарсы жауап беруіміз керек. Клубымыз ешқашан берілмейді, біз оны алда дәлелдейміз. Чемпиондар лигасының соңғы бес маусымында төрт рет жеңіске жету – бұл таңғаларлық нәтиже. Бұл ерлік, оны уақыт өте келе бәрі түсінеді. Енді, біз жеңімпаз жолына қайта оралуымыз керек. Еуропа топ-клубтары Йовичті өз қатарларына қосу үшін күресті. Бүгін ол "Реал" ойыншысы атанды. Йович осы клубта доп тебуді армандаған. 

Лука енді сен "Реал" футболшысысың, бұл клуб Еуропаның 13 дүркін чемпионы. Сен осы клубты таңдағаның үшін алғысым шексіз. Сен аңыздың бір бөлігі болуды қаладың, арманыңа жеттің. Өткен маусымда ғажайып ойнап, 27 гол соқтың, бірақ біздің жанкүйерлер сенен одан да жоғары нәтиже талап етеді. Алда үлкен сынақ күтіп тұр. Біз сенімен мақтанамыз. Себебі, бала кезіңде "Реал" футболкасын киіп ұйықтайтыныңды айттың. Сен енді, осы футболкада әлемнің ең үздік шабуылшыларының біріне айналасың", – деді Перес. 

©realmadrid.com

Йовичтің жалақысы мен команда сапында нешінші нөмірмен ойнайтыны белгісіз. Корольдік клубта әзірге 16-нөмір ғана бос. Йовичке бұл нөмірді бермегеніне қарағанда, жазғы трансферде "Реал Мадридті" бірнеше ойыншысы тәрк етуі мүмкін. Ал Йович экс-клубы "Айнтрахтта" 8-нөмірмен доп тепкен болса, Сербия ұлттық құрамасында 19-нөмірмен ойнайды. Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, "Реал" оның трансфері үшін "Айнтрахтқа" 65-70 миллион еуро төлейді. 

Айта кетейік, Йович өткен маусымда Франкфурт клубының ойындарында 48 рет алаңға шығып, 27 гол соғып, 7 нәтижелі пас шығарған.

Т. Раушанұлы