Қазақстан жастар құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеуді жеңіспен бастады

Қазақстан жастар құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеуді жеңіспен бастады
Фото: kff.kz

Футболдан Қазақстан жастар құрамасы (21 жасқа дейінгі) 2021 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңін жеңіспен бастады. Қазақстандық теңбіл доп шеберлері топтағы алғашқы ойында Фарер аралдарының жастарын ұтты.

Тофтир қаласында өткен ойында отандастарымыз алаң иелерін 1:3 есебімен ұтты. Ойындағы алғашқы гол 2 минутта-ақ соғылды. Еркебұлан Сейдахмет шығарған пасты Акмаль Бахтияров голға айналдырды. Одан кейін үзіліске дейін есеп өзгерген жоқ.

Екінші таймда жасыл алаңға шыққан Дмитрий Бачек бірден есепті еселеді. Ол командаласы Жан-Әли Пайруз берген пасты қақпа торында тулатты.

Кездесудің соңына қарай қарымта шабуылда Фарер аралдары құрамасының ойыншысы Стефан Радосавлевич есеп айырмасын қысқартты. Төреші қосқан қосымша уақытта Дмитрий Бачек берген тамаша пастан кейін Владислав Прокопенко кездесуге нүкте қойды.

Қазақстан жастар құрамасы келесі ойынын 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні Черногория жастарына қарсы өткізеді. Сондай-ақ біздің футболшылармен бір топта Испания, Израиль және Македония жастар құрамалары бар. Олар алғашқы ойындарын қыркүйек айында өткізеді.

Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі 2020 жылдың қазан айында аяқталады. Барлық топтың жеңімпаздары мен екінші орын алған командалар арасындағы екі үздігі финалдық кезең жолдамасына ие болады.

Фарер аралдары U-21 - Қазақстан U-21 - 1:3 (0:1)

Голдар: Радосавлевич 84 - Бахтияров 2, Бачек 67, Прокопенко 90+4

Фарер аралдары U-21: Эйдстейнссон (Қ), Ольсен, Никласен (Йохансен 68), Б. Петерсен (К), Хенриксен, Андреасен, Юстинуссен, М. Якобсен (Радосавлевич 77), Миккельсен (Гиссинг 77), Я. Самуэльсен (Х. Самуэльсен 84), П. Петерсен

Бапкер - Эли Ханце

Қазақстан U-21: Сейсен (Қ)(К), Сагнаев, Орынбасар, Адахаджиев (Кан 82), Наджарян, Сейдахмет (Скворцов 87),  Бахтияров (Бачек 66), Пайруз (Прокопенко 87), Әліп, Өміртаев (Кәрімов 66), Турсынбай

Бапкер - Александр Москаленко

06.06.2019. Тофтир, Сванскаард

Ө. Сансызбай