"Челси" - Еуропа лигасының жеңімпазы!

"Челси" - Еуропа лигасының жеңімпазы!

Футболдан 2018/2019 жылғы маусымдағы Еуропа лигасында "Челси" топ жарды. Бакуде өткен финалдық ойында ақсүйектер "Арсеналды" 4:1 есебімен ойсырата ұтты.

Лондондық дербидің бірінші таймында жанкүйерлер гол көрген жоқ. Алғашқы минуттарда "Арсеналдың" адуыны байқалса, уақыт өте келе "Челсидің" шабуылы ширай түсті. Командалардың гол соғатын мүмкіндіктері болғанмен нәтиже өзгерген жоқ.

Екінші таймда жанкүйерлер тамаша голдардың куәгері болды. 49 минутта Оливье Жиру гол соғып, есеп ашты. Эмерсонның әуелете асырған добына бірінші жеткен шабуылшы баспен бағыттап үлгерді. Петр Чех допты қайтара алған жоқ. "Челси" есепте алға шықты.

60 минутта Педро есепті еселеді. Эден Азар берген тамаша пастан кейін бұл шабуылшы да мүмкіндігін ұтымды пайдаланды. Араға 5 минут сала Азардың өзі пенальтиді сәтті орындап, есепті 3:0-ге жеткізді.

Алаңға шыққанына бірнеше минут болған Алекс Ивоби "Арсеналға" бір гол сыйлады. Одан кейін канонирлер күшіне мінетіндей көрінген. Бірақ "Арсеналдың" асығы алшысынан түсе қойған жоқ. 72 минутта Эден Азар дубль жасап, командасына айқын басымдық алып келді.

4:1 есебі сақталып, "Челси" Еуропа лигасының жеңімпазы атанды. Ақсүйектер өз тарихында екінші рет бұл атақты иеленіп отыр. Олар 2013 жылы да чемпион атанған болатын.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар