Шымкентте "Temiradam" кубогының ІІІ кезеңі өтті

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Шымкентте "Temiradam" кубогының ІІІ кезеңі өтті
Фото ©️ triathlon.org.kz

Триатлоннан әуесқойлар арасында Тараз бен Қапшағайда өткен "Temiradam" кубогы жарысы жалғасын Шымкентте тапты.

БӨЛІСУ

ІІІ кезеңде де Age Group (әуесқойлар) категориясы бойынша жеңімпаздар анықталды. Ыстық ауа райына қарамастан, спортшылар жеңіс үшін барын салды. Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы, Ташкент, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Алматы облысы, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан және Мәскеуден келген 84 спортшы бақ сынады. Олар стандарт ереже бойынша сынға түсті. Яки, 1500 метрге жүзу, 40 шақырымдық веложарыс және 10 шақырымға жүгіру.

Ауа райының ыстық болуы спортшыларға қиын соқты. Жарты жолдан жарысты тоқтатқандар да болды. Соңына дейін шыдап, кәсіби шеберліктерін танытқандар да көп болды. Нәтижесінде ерлер арасында Ташкенттен келген Андрей Шарипов абсолютті чемпион атанды. Ол 30-34 жас аралығында үздік шықты. Уақыт көрсеткіші - 2 сағат, 10 минут, 40 секунд.

Қыздар арасында Нұр-Сұлтаннан келген Айнұр Құмарова жеңімпаз атанды. Ол 2 сағат, 56 минут, 27 секунд уақыт көрсеткішімен бірінші болып келді. Эстафеталық жарыста Түркістан облысының олимпиада резервін дайындайтын су спорты мектебінің командасы бірінші орын алды.

"Temiradam" кубогының IV кезеңі 15-16 маусым күндері Нұр-Сұлтанда өтеді.