Аралас жекпе-жектен Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте көш бастады

Аралас жекпе-жектен Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте көш бастады
Фото: Қазақстан ММА федерациясы

ММА аралас жекпе-жектен Қазақстан құрамасы Тайландта өткен Азия чемпионатынан кейін әлемдік рейтингте көш бастады.

Үздіктер тізіміне барлығы 58 елдің құрамасы енген. Қазақстаннан кейінгі орындарға Бахрейн және Швеция құрамалары орналасқан. Сондай-ақ алғашқы ондықта Жаңа Зеландия, Ресей, Аустралия, Англия, ОАР, АҚШ және Мексика құрамалары бар.

Қазақстан құрамасының көш басына шығуы кездейсоқтық емес. Біздің спортшылар биыл Тайландта өткен Азия чемпионатында атой салып, жалпы есепте үздік шыққан. 7 алтын, 9 күміс, 5 қола медаль еншілеген еді.

Аталмыш тізім - аралас жекпе-жектен әуесқойлар арасындағы тұңғыш рейтинг болып табылады. Сондай-ақ ұлттық құрамалардың рейтингімен қатар, жеке салмақ категориясындағы әр спортшының рейтингіне де қатысы бар. Ол ММА аралас жекпе-жектен Қазақстан біріккен Федерациясы 2019 жылдан бері мүшесі болған IMMAF ұйымының қолдауымен өткен континентальды және әлемдік додаларында алған баллдың әсерінен жасалады.

Қазақстанда 2018 жылдың желтоқсан айында бірнеше федерацияларды біріктірген – "Қазақстанның біріккен ММА федерациялар қауымдастығы" ЗТБ жаңа құрылымы құрылды. Аталмыш ұйымды қазақстандық танымал спорт насихаттаушысы Ғалымжан Есенов басқарады, бас директоры – Валихан Тен.

Республикалық бірлескен федерацияның президенті - Кәрім Мәсімов. Жекпе-жек өнері ассоциациясының құрамына кіреді. Аталмыш ассоциация 4 бағытта жұмыс жасайды: каратэ, жекпе-жек, толық байланысқан спорт түрлері және аралас жекпе-жек ММА.

Айта кетейік, жуырда ғана Аралас жекпе-жектен біріккен Қазақстан ММА федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігі ресми түрде IMMAF-WMMAA халықаралық аралас жекпе-жек федерациясының құрамына кірген болатын. 

Ө. Сансызбай