2022 жылғы әлем чемпионатына қатысатын құрамалар қатары артпайды

2022 жылғы әлем чемпионатына қатысатын құрамалар қатары артпайды
Фото: TheSportster

Болашақта футболдан әлем чемпионатына қатысатын құрамалар саны 48-ге дейін артады. Бірақ 2022 жылдан бастап емес...

- Катарда өтетін әлем чемпионатына 32 құрама команда қатысады. Жарыс ережесіне ешқандай өзгерістер енгізілмейді, - деп хабарлады Халықаралық футбол қауымдастықтарының одағы (FIFA).

FIFA қатысатын құрамалар санын арттыруды көздеген. Алайда 2022 жылғы жарысты ұйымдастырушылармен кеңесе келе, бұл ойларын әзірге жүзеге асырмайтын болды. Одан өзге уақыт та жақындап келеді. Ал бірнеше ойынды өзге елдерде өткізу жайынан түбегейлі бас тартты. Барлық ойындар Катарда өтеді.

Жаңа өзгеріс 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін доп додасына енеді. Оған 48 құрама қатысатын болады.

Футболдан әлем чемпионаты тарихына көз салсақ, ең алғаш рет Уругвайда өткен жарысқа 13 құрама қатысқан. Одан кейін 1978 жылға дейін 16 команда қатысып келді. 1982-1994 жылдар аралығында мундиаль 24 құрамамен өтті.

1998 жылы Францияда өткен әлем чемпионатына алғаш рет 32 құрама команда қатысты. Одан бергі уақытта төрткүл дүние көз тігетін додаға қатысушылар саны өзгерген жоқ.  

Ө. Сансызбай