Алматыда грек-рим күресінен "Болат Тұрлыханов кубогы" халықаралық турнирі өтеді

Алматыда грек-рим күресінен "Болат Тұрлыханов кубогы" халықаралық турнирі өтеді
Фото: uww.asia

25-26 мамырда Алматы қаласы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде грек-рим күресінен "Болат Тұрлыханов Кубогы" халықаралық турнирі өтеді. Биыл бұл жарыс 25-ші рет ұйымдастырылуда.

Саналы ғұмырында талай сақа балуандарды баптап, оларды күрескерлік рухқа, жеңіске деген ерік-жігерге, төзімді болып алға жылжуға тәрбиелеген жаттықтырушы атындағы бұл турнир Біріккен Күрес Әлемінің ресми күнтізбесіне енгізілген. Сонымен қатар, аталмыш жарыс әлемдегі  грек-рим күрес шеберлері үшін мәртебелі жарыстардың бірі саналады. Турнир  олимпиадалық алты салмақ (60, 67, 77, 87, 97 және 130 кило) дәрежесі бойынша өтеді.

Алғаш рет турнир Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Тұрлыхановтың туып өскен өңірі Семей қаласында 1994 жылы өткен. Жарыстың алғашқы жылдарынан бастап турнирге еліміздің ең үздік балуандары қатысып келеді.

2014 жылдан бастап мәртебелі турнирге алыс-жақын шетелден де спортшылар қатыса бастады. Әр жылдары турнирде Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, күміс жүлдегерлер Георгий Цурцумия мен Нұрбақыт Теңізбаев, Әлем чемпиондары Мкхитар Манукян мен Бахтияр Байсейітов, Әлем чемпионатының жүлдегерлері Нұрмахан Тыналиев және Алмат Кебіспаев сынды тәжірибелі балуандар да қатысып топ жарған. 

Қазақстандықтармен қатар әлемдік аренада атой салып жүрген грек-рим күресінің шеберлері де Болат Тұрлыханов атындағы турнирге қатысуды үлкен мәртебе санайды.

Биылғы турнирге Қазақстанның 17 аймақтарымен қоса Ресей, Иран, Болгария, Моңғолия, Молдова, Армения, Белорусь, Өзбекстан, Қырғызстан және Украина елдерінен балуандар қатысады.

2019 жылғы күрес түрлерінен Әлем чемпионатының Қазақстанда өтетінін ескерсек,  Болат Тұрлыханов турнирінің маңыздылығы арта түседі.

Ұйымдастырушылар сөзіне сенсек биылғы жылғы турнир жергілікті шоу-бизнес өкілдерінің қатысуымен ұлттық нақышта өтіп, жанкүйерлерге үлкен қуаныш сыйламақ.    

Ө. Сансызбай