Триатлоннан ҚР Кубогының ІІ кезеңі Таразда өтеді

Триатлоннан ҚР Кубогының ІІ кезеңі Таразда өтеді
Фото: ҚР триатлон федерациясы

Тараз қаласының Зербұлақ су қоймасы жағалауында Elite санатындағы (кәсіпқой) спортшылар арасында триатлоннан ҚР Кубогі ІІ кезеңі өтеді. Жарыс 11-12 мамырда болады.

Жарыстың алғашқы күні Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, Түркістан, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл және Қостанай облыстарынан келген 100-ге тарта кәсіпқой спортшы бақ сынайды.

13-16 жас аралығындағы жас атлеттер "супер-спринт" қашықтығы бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Бұл қашықтыққа 300 метрге жүзу, 8 шақырымдық веложарыс және 2 шақырымға жүгіру енеді. 16 жастан асқан атлеттер "спринт" сынында бақ сынайды. Бұл 750 метрге жүзу, 20 шақырымдық веложарыс және 5 шақырымға жүгіруден тұрады.

Жарыстың екінші күні Age Group санаты бойынша TEMIRADAM анықталады. Бұл бұқара арасында триатлонның танымал болуына сеп болатын жарыстардың бірі. Бұған триатлонмен әуесқой түрде айналысатын адамдар қатысады.

Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ге тарта әуесқой спортшылар рейтингтік ұпай үшін таласатын болады. Олар да "спринтерлік" қашықтық бойынша бақ сынайды. Жоғарыда айта кеткендей, "спринтерлік" жарыс 750 метрге жүзу, 20 шақырымдық веложарыс және 5 шақырымға жүгіруден тұрады.

Жарыстың мақсаты - ең үздік спортшыларды анықтау мен таныту, кәсіби деңгейін көтеру мен тәжірибе жинауына сеп болу. Жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру және балалар мен жасөспірімдер арасында спортты насихаттау, сондай-ақ Қазақстанда триатлон спортын дамыту басты назарға алынып келеді.

Ө. Сансызбай