Тағы бір камбэк. "Тоттенхэм" Чемпиондар лигасының финалына шықты

Тағы бір камбэк. "Тоттенхэм" Чемпиондар лигасының финалына шықты
Фото: Reuters©

Ағылшынның "Тоттенхэм" футбол клубы Чемпиондар лигасының финалына шықты. "Аяксқа" қарсы қарымта ойында лондондық команданың асығы алшысынан түсті.

Амстердамда өткен кездесуде Маурисио Почеттино жаттықтыратын команда 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл нәтиже – алаң иелерін финал жолдамасынан айырды.

Бір апта бұрын Лондонда өткен кездесуде "Аякс" 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Тіпті қарымта ойынды да аса сәтті бастады. Бірінші таймда бір емес, екі гол соқты. Алдымен Маттейс де Лигт командасын алға шығарса, 36 минутта Хаким Зиеш нәтижені еселеді. Алайда екінші таймда футбол жанкүйерлерін бір таңғажайып күтіп тұрғанын ешкім ойламаса да керек?

Екінші таймда "Тоттенхэм" ойыншыларының айдарынан жел есті. Лукас Моураны тұсап ұстау – "Аякс" қорғаушыларының қолынан келмеді. Бар-жоғы 5 минут ішінде есепті теңестіре білді. Ал ойын аяқталар тұста үшінші голын соғып, командасын финалға алып шықты. Түзде соққан гол есебі бойынша "Тоттенхэм" Мадридке жолдама алды. Команда өз тарихында алғаш рет финалда ойнайды. Ал "Аякс" болса соңғы минутта сан соғып қалды.


Финалда "Тоттенхэм" күні кеше ғана жанкүйерлер жадынан шыға қоймас ойын көрсеткен "Ливерпульмен" кездеседі. Ағылшындық финал болады. Юрген Клопп жаттықтыратын бұл клуб кеше "Барселонаны" 4:0 есебімен ұтып, айды аспанға шығарған еді.

Маусымның ең шешуші ойыны 1 маусым күні Мадридтегі "Метрополитано" алаңында өтеді. 2008 жылдан бері алғаш рет финалда ағылшындық командалар ойнайды.

Ө. Сансызбай