AVANGAR - әлемнің үздік командаларының қатарында

AVANGAR - әлемнің үздік командаларының қатарында
Фото: theclutch.com.br

CS:GO ойынынан HLTV әлемдік рейтингі жаңарды. Қазақстандық AVANGAR киберспорт ұжымы үздік 15 команданың қатарындағы орнын сақтап қалды.

Алғашқы үштікте өзгеріс болды. Көш басында 1000 ұпай жинаған Astralis жайғасса, Team Liquid екінші сатыда қалды. Ал Na`Vi командасы бір сатыға көтеріліп, ENCE ұжымын үздіктер қатарынан шығарып тастады. Ал қазақстандық AVANGAR командасы 162 ұпаймен бір сатыға жоғарылап, 13-орынға тұрақтады. 

Бұған дейін AVANGAR Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен DreamHack Rio de Janeiro 2019 турнирінде қарсылас шақ келтірмеді. Counter-Strike: Global Offensive (CS:GO) ойыны бойынша өтетін халықаралық турнирде қазақстандық AVANGAR ұжымынан бөлек FURIA eSports, Sharks Esports, Valiance & Co, INTZ eSports, W7M Gaming, eUnited, Redemption POA командалары бақ сынады.

AVANGAR алғашқы матчында А тобында eUnited және INTZ eSports командаларын артқа тастап, бірінші орынмен плей-офф кезеңіне шықты. Финалдың жолдамасы үшін өткен матчта сербиялық Valiance & Co командасынан 2:1 есебімен басым болды. Ақтық ойында қазақстандық ұжым жергілікті FURIA eSports командасымен 3 картада (Vertigo (16:2), Inferno (8:16) және Train (16:19)) күш сынасты. AVANGAR Vertigo және Train карталарында жеңіске жетіп, 2:1 есебімен жеңімпаз атанды.

AVANGAR - 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. CS:GO ойыны бойынша командада төрт қазақстандық ойыншы өнер көрсетеді. Атап айтқанда: Тимур Төлепов, Айдын Тұрлыбеков, Алексей Голубев және Бектияр Бақытов. Ал команданың капитаны - ресейлік ойыншы Али Джами.

А. Рысдәулет