Дзюдошы Ерлан Серікжанов Азия чемпионы атанды

Дзюдошы Ерлан Серікжанов Азия чемпионы атанды
Фото: fdk.kz

Қазақстандық дзюдошы Ерлан Серікжанов Біріккен Араб Әмірлектерінің Фуджейра қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында топ жарды. Отандасымыз 66 кг салмақта Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салды.

Сары құрлықтың басты додасы қазақ дзюдошылары үшін сәтті басталды. Жарыстың алғашқы күні отандастарымыз 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль еншіліп, жалпыкомандалық есепте көш бастады.

Ерлер арасындағы 66 кг салмақтың финалына қазақ дзюдошылары шықты. Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмақанов қарсыластарының барлығын ұтты. Тек финалда екеуі белдескен жоқ. Елдос жарақатына байланысты татамиге шықпады. Нәтижесінде Ерлан – алтын, Елдос күміс жүлдегер атанды.

Екінші күміс медальды қыздар арасында 48 кг салмақта бақ сынайтын Галбадрах Отгонцэцэг еншіледі. Қазақстандық дзюдошы қыз  финалда қытайлық қарсыласы Ли Янанға есе жіберіп алды.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасының қоржынына түскен қос қола медальды ерлер арасында Ғұсман Қырғызбаев (-60 кг) және әйелдер арасында Севара Нышанбаева (-57 кг) жеңіп алды.

Жарыс 23 сәуірге дейін жалғасады. Құрлықтық біріншілікке 39 елден 300-ге жуық дзюдошы қатысуда.

Ө. Сансызбай