Еуропа лигасының жартылай финалына шыққан командалар анықталды

Еуропа лигасының жартылай финалына шыққан командалар анықталды
Фото: Kiosk.ba

Футболдан Еуропа лигасының жартылай финалына шыққан төрт команда да белгілі болды.  Бұл кезеңге Англиядан екі, Германия мен Испаниядан бір-бір клуб шықты.

1/2 финалда "Арсенал" (Англия) мен "Валенсия" (Испания), "Челси" (Англия) мен "Айнтрахт Франкфурт" (Германия) командалары кездеседі.

Ширек финалда "канонирлер" Неапольдың "Наполи" клубын жарыс жолынан шығарды. Бірінші ойында 2:0 есебімен ұтса, қарымта кездесуде 1:0 есебімен басым болды. Ал "ақсүйектер" Праганың "Славия" командасын ұтты (1:0, 4.3).

"Валенсия" 1/4 финалда өз елінің "Вильярреал" командасымен ойнаған. Екі ойында да ек ідоп басымдығымен (3:1, 2:0) жеңіске жетті. Франкфурттың "Айнтрахт" командасы болса сырт алаңда соққан голдар нәтижесі бойынша "Бенфикадан" үздік шықты (2:4, 2:0).

Еуропа лигасы жартылай финалындағы бірінші ойындар 2 мамыр күні өтеді. Қарымта кездесу 9 мамырға жоспарланған. Финалдық ойын 29 мамыр күні Бакудегі "Олимпийский" стадионында өтеді.

Ө. Сансызбай