Жәнібектің жекпе-жегі тікелей эфирде көрсетіледі

Жәнібектің жекпе-жегі тікелей эфирде көрсетіледі
Фото: Mikey Williams/ Top Rank

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы 12 сәуір күні Лос-Анджелесте WBO Global және WBC Continental Americas чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасады. Отандастарымыз бұл жекпе-жекті тікелей эфирде тамашалай алады.

Екі боксшы арасындағы жекпе-жек елорда уақытымен 13 сәуір күнгі таңғы сағат 07:00-ге сәйкес келеді. QazSport және Qazaqstan арналары тікелей эфирде көрсетеді.

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы алтыншы жекпе-жегінде 2 бірдей белбеу үшін жұдырықтасады. Жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған. Қарсыласы кәсіпқой бокста 20 жекпе-жек өткізіп, оның 16-ын жеңген.

Қазақстандық боксшы шаршы ааңға шығатын бокс кеші Лос-Анджелестегі (АҚШ, Калифорния штаты) Staples Center аренасында өтеді. Басты жекпе-жекте жеңіл салмақта WBA (Super) және WBO чемпиондық белбеуі иегері украиналық Василий Ломаченко (12-1, 9 КО) мен британдық Энтонои Кролл (34-6-3, 13 КО) жұдырықтасады.

Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-та үш жекпе-жек өткізді. Оған дейін елімізде екі кездесу өткізген. Барлық жекпе-жектерінде қарсыластарын айқын жеңіп келеді.

Әуесқой бокста Азия және Азия ойындарының жеңімпазы. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында топ жарды. Олимпиада ойындарының қатысушысы.

Ө. Сансызбай