Gambit Esports: Киберспорт ұйымына 13 жасар ойыншы қосылды

Gambit Esports: Киберспорт ұйымына 13 жасар ойыншы қосылды
Фото: gambit esports

Gambit Esports киберспорт ұйымы M5 Academy командасының мүшесі Марк letw1k3 Даниловты қатарына қосты.

Fortnite ойыны бойынша бақ сынайтын Марк Данилов көптен бері Gambit командасының өкілі Ян fwexY Каурмен түрлі жарыстарға қатысып жүр. Gauntlet Duos Finals жарысында бұлардың дуэті топ жарса, Fortnite Lux Cup бәсекесінде үздік үштіктің қатарынан көрінді.

letw1k3 лақап атымен танымал ойыншының жасы небәрі 13-те. Жақында Fortnite бойынша бақ сынайтын ойыншылардың жас шектеуі 16-дан 13-ке дейін төмендетілген болатын.

Енді Gambit-тің жаңа ойыншысы 26-28 сәуір күндер АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысады. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 100 ойыншы мен 50 дуэт 30 000 000 долларды құрайтын жүлде қорын сарапқа салады.

Қазіргі таңда әлем бойынша Epic Games жасап шығарған Fortnite ойынына консоль, ДК, смартфондардағы қолданушыларды қоса есептегенде 200 миллион ойыншы тіркелген.

Gambit Esports - Ұлыбританияда орналасқан киберспортқа бағытталған ұйым. Бұл ұйымның Gambit.CIS атты еншілес командасы бар. Осыдан үш жыл бұрын Gambit"ұйымы Hellraisers командасының үш бірдей ойыншысымен келісімшартқа отырады. Атап айтқанда: Дәурен AdreN Қыстаубаев, Рүстем mou Телепов және Михаил Dosia Столяров. Бұлардан бөлек команданы Дмитрий hooch Богданов пен Ян wayLander Рахконен толықтырды. Аталмыш бестік алғашқы турнирінде-ақ жеңіс тұғырынан көрінді.

CIS Minor Championship — Columbus 2016 оффлайн-жарысында қарсылас шақ келтірмеген Gambit командасы чемпион атанады. Артынша команданы күшейту үшін тәжірибелі Абай HObbit Қасенов пен Даниил Zeus Тесленконы қатарына қосады. Дәл осы сәттен соң Gambit жарқын жеңістеріне қол жеткізді. Польшаның Краков қаласында өткен PGL Major Krakow 2017 әлем біріншілігінде күтпеген жерден Gambit командасы CS:GO ойынынан чемпион атанады. Қазір бұл жеңімпаз құрамнан тек Рүстем mou Телепов қалды. Сондай-ақ, тағы бір қазақстандық ойыншы Дмитрий dimasick Матвиенко қосылды.

А. Рысдәулет