Қазақстандық алты боксшы Бакудегі бәсекенің финалына шықты

Қазақстандық алты боксшы Бакудегі бәсекенің финалына шықты
Фото: kfb.kz

Әзербайжан елінің астанасы Бакуде "Жібек жолы" халықаралық турнирі өтуде. Қазақстандық алты боксшы финалға шықты.

Қазақ боксшылары жарысты сәтті өткізуде. Сегіз боксшы жартылай финалға жеткен. Алайда Ермек Мәдиев өзбекстандық Нодиржан Мирзаахмедовке есе жіберсе, Алмасбек Әлібеков ресейлік Алиша Шариповқа жол берді. Нәтижесінде екі боксшы да жарыстың қола жүлдегерлері атанды.

1/2 финалда да қазақ-өзбек боксының текетіресі жалғасты. 49 кг салмақта отандасымыз Шалқар Айқынбай өзбек боксшысы Жасурбек Латиповтан басым түсті. Финалда Шалқар Ермек Мәдиевті жеңген өзбек боксшысы Нодиржан Мирзаахмедовпен жұдырықтасады.

52 кг салмақ дәрежесінде Олжас Байниязов Рио Олимпиадасының чемпионы Хасанбой Дусматовпен қолғап түйістіруі керек болған. Алайда өзбек боксшысы жарақатына байланысты шаршы алаңға шықпады. Отандасымыз финалда әзербайжандық боксшы Юсифзада Масудпен кездеседі.

56 кг салмақта Оразбек Асылқұлов жарыстың алтын жүлдесі үшін жұдырықтасады. Ол жартылай финалда марокколық Абдулазиз Елмандиді жеңді. Оразбек те финалда әзербайжандық боксшыға қарсы шаршы алаңға шығады. Қарсыласы - Тайфур Алиев.

64 кг салмақта екі бірдей боксшымыз 1/2 финалға шыққан. Бірі ұтып, бірі ұтылды. Сабыржан Бақбергенов әзербайжандық Фарид Агамоглановқа мықтылығын мойындатты. Ал Алмасбек Әлібек ресейлік боксшыны ұта алмады. Сабыржан финалда Алмасбекті жеңген Алиша Шариповпен жұдырықтасады.

Қазақтың салмағында Мәулен Өскенбек сәтті жұдырықтасып келеді. Ол жартылай финалда Ирактан келген боксшы Сахим Кадимді ұтты. Финалда өзбек боксшысы Икболджон Холдаровпен қолғап түйістіреді.

Аса ауыр салмақта (+91 кг) Данила Семенов шаршы алаң иесі Садик Самедовтан 3:2 есебімен басым болды. Финалдағы қарсыласы - өбек Обиджон Тахиров.

Финалдық жекпе-жектер ертең өтеді.

46-49 кг
Шалқар Айқынбай – Нодирджон Мирзаахмедов (Өзбекстан)

52 кг
Олжас Байниязов– Юсифзада Масуд (Әзербайжан)

56 кг
Оразбек Асылқұлов – Тайфур Алиев (Әзербайжан)

64 кг
Сабыржан Бекбергенов – Алиша Шарифов (Ресей)

69 кг
Мәулен Өскенбек – Икболджон Холдаров (Өзбекстан)

+91 кг
Данила Семёнов – Обиджон Тахиров (Өзбекстан)

Финалға шыққан боксшылар саны бойынша Әзербайжан құрамасы алда тұр. Жарыс иелерінің жеті боксшысы алтын жүлде үшін жұдырықтасады. Өзбекстан құрамасы сапында бес боксшы финалда бақ сынайды.

Ө. Сансызбай