"Реал" әлемдегі ең қымбат футболшыны сатып алмақ

"Реал" әлемдегі ең қымбат футболшыны сатып алмақ
Фото: Reuters©

Мадридтің "Реал" футбол клубы Париждің "ПСЖ" командасында ойнайтын Килиан Мбаппені өз қатарларына қосқысы келеді. Бұл туралы France Football басылымы хабарлады.

"Корольдік клуб" жақын арада 20 жастағы ойыншыны сатып алу жөнінде келісімді бастамақ екен. Мадридтік ұжым әлемдегі ең қымбат футболшы саналып отырған Мбаппе үшін 280 миллион еуро шығындауға дайын. Егер дәл осындай қаржыға сатып алар болса, француздық ойыншы футбол тарихында ең қымбатқа бағаланған аяқ доп шебері атанады.

Талантты футболшыға "Реал" президенті Флорентино Перес пен команданың бас жаттықтырушысы Зиннедин Зидан айрықша қызығушылық танытуда.

AS.com ақпараты бойынша шабуылшының париждік командаға көңілі толмай жүргенге ұқсайды. Оның бір себебі - Чемпиондар лигасының 1/8 финалында жарыс жолынан шығып қалуы болса, екіншісі - "Марсельге" қарсы ойын алдында жиналысқа кешігіп келуі. Футболшы ереже бұзғаны үшін 180 мың еуро айыппұл төлеген.

Айта кетейік, Килиан Мбаппе қазіргі таңда Халықаралық спорттық зерттеу орталығы (CIES) рейтингі бойынша әлемдегі ең қымбат футболшылардың көшін бастап тұр.

Ө. Сансызбай