Киберспорттан Қазақстан чемпионаты өтеді

Киберспорттан Қазақстан чемпионаты өтеді
Фото: massaget.kz

Бурабайда киберспорттан Қазақстан чемпионаты өтеді. Жүлде қоры - 2 миллион теңгені құрамақ. 

Ел біріншілігі 6 сәуір күні Олимпиадаға даярлық орталығында Burabay Cyber Cup LAN-финалы өтеді. Жарыста киберспортшылар Counter-Strike:Global Offensive және Dota 2 ойындары бойынша бақ сынайды. 

Наурызда ашық іріктеу кезеңі өтеді. Алғашқы кезеңнің жеңімпаздары 25 наурыз күні жабық іріктеуде бақ сынайды. Үздік шыққан екі команда Burabay Cyber Cup LAN-финалына жолдама алады. 

Жарысқа тек Қазақстан азаматтары ғана қатысады. Ал жас шектеуі жоқ. Әр тәртіп бойынша жеңімпаз атанған командаға 700 мың теңге, ал екінші орын алған ұжымға 300 мың теңге табысталады.

Айта кетейік, киберспорт елімізде енді ғана дамып келеді. Өткен жылдың 25 маусымынан бастап киберспорт Қазақстандағы ресми спорт түрі деп танылды. Қазірдің өзінде еліміздегі геймерлердің саны 400-ден асып жығылады. 

Қазіргі таңда елімізде әлемге танымал AVANGAR командасы бар. 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. Бұл ұйымның жігіттері екі ойыннан да жақсы нәтижелерге жетті. Қазір командада төрт қазақстандық ойыншы өнер көрсетеді. Атап айтқанда: Тимур Төлепов, Айдын Тұрлыбеков, Алексей Голубев және Бектияр Бақытов. Ал команданың капитаны - ресейлік ойыншы Али Джами.

Аталмыш ұйым жуырда CIS Esports League-мен бірге Counter-Strike: Global Offensive ойыны бойынша алғашқы кәсіпқой лиганың тұсауын кесті. Енді еліміздегі киберспортшылар FaceIT тәуелсіз платформасында Қазақстанда орналасқан серверлерде бақ сынайтын болады. KZ Pro League деп аталатын алғашқы кәсіпқой лига Counter-Strike: Global Offensive ойыны бойынша өтеді. Бұл турнирдің арқасында қазақстандық ойыншылар беделді Еуропа лигаларының іріктеуіне қатыса алады.

Бұған дейін қазақстандық киберспортшылардың басты проблемасы — жоғары пинг болатын. Енді қазақстандық киберспортшылар пингі 30* көрсеткішінен көп болмайды. Алғашқы турнирдің жүлде қоры 1000 АҚШ долларын құрамақ. Тұрақты маусымнан бөлек, апта сайын әр түрлі турнирлер өткізеледі. Ал болашақта KZ Pro League үздік ойыншылары Еуропаның ең беделді турниріне (FPL) жолдама алады.

FaceIT - Солтүстік Америка, Еуропа және ТМД елдеріндегі киберспорт жарыстарын өткізуге арналған ашық ойын платформасы. 2012 жылы Лондонда ашылған бұл ұйымда ойыншылар сапалы сервер ашып, өзіндік турнир ұйымдастыруға, сапалы ойындарды ойнауға мүмкіндік алады.

А. Рысдәулет