Ринат Жұмабаев әйгілі орыс шахматшысы Сергей Карякинді ұтты

Ринат Жұмабаев әйгілі орыс шахматшысы Сергей Карякинді ұтты
Фото: kazchess.kz

Қазақстандық гроссмейстер Ринат Жұмабаев 2016 жылғы әлемнің вице-чемпионы Сергей Карякинді жеңді, - деп хабарлайды "Қазақстан шахмат федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігі.

Ринат Жұмабаевтың жеңісіне қарамастан, Қазақстанның ерлер құрамасы ресейліктерден 1:3 есебімен ұтылып қалды. Қос шахматшы командалық әлем чемпионатының бесінші  жарыс күні кездескен.

"Өте қиын партия болды. Бірақ әу бастан басымдықты өз қолыма алдым. Қарсыласым әдеттегідей керемет ойнады", - дейді қарсыласын жеңген Ринат Жұмабаев.

Оның айтуынша, Сергей Карякин бес сағаттан артық қорғаныста ойнап, қысымға шыдамай, қателік жіберген.

Қазақстанның шахмат федерациясы атап өткендей, Сергей Карякин "асқан шеберлік" танытты, бірақ қазақстандық басым болды.

Отандасымыздың жеңісіне қарамастан, еліміздің ерлер құрамасы ресейліктерден 1:3 есебімен ұтылып қалыпты.

Ал әйелдер құрамасы Украина командасымен кездесіп, тең түскен.

Бесінші турдан кейін турнир кестесіндегі бірінші орында Ресей тұр, одан кейін Үндістан мен Англия келе жатыр. Қазақстан құрамасы жетінші орынға табан тіреді.

Шахматтан командалық әлем чемпионаты Астанада наурыздың 4-і мен 14-і аралығында өтіп жатыр. Жарыста 14 елден келген он ерлер және он әйелдер құрамасы сынға түсіп жатыр.

Massaget.kz