Астанада шахматтан командалық әлем чемпионаты басталды

Астанада шахматтан командалық әлем чемпионаты басталды
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Астанада шахматтан командалық әлем чемпионаты басталды. Әлемнің 14 елінен 10 ерлер және 10 әйелдер командалары чемпион атану үшін тартысқа түсуде, - деп хабарлайды "Қазақстан шахмат федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігі.

Бір күн бұрын жеребе тарту рәсімі өтіп, нәтижесінде Қазақстанның алғашқы қарсыластары анықталды. Қазақстанның әйелдер құрамасы Ресеймен, ал ерлер командасы Англиямен ойнайтын болды.

5-ші наурыз күні Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ)  президенті Аркадий Дворкович Катерина Лагно (Ресей) мен Жансая Әбдумәліктің (Қазақстан) тақтасында осы көктемнің ең маңызды шахмат оқиғасының басталуының символы болып саналатын алғашқы жүріс жасалды.

Әбдумәлік-Лагно ойын партиясы әйелдер секциясы бойынша бірінші раундтың негізгі ойыны деп жарияланды.  Аталмыш партия бәрінің үмітін ақтап, қызу тартысты өтті. 19 жастағы қазақстандық шахматшы алғашында ойынды теңестіріп, артынша 2018 жылғы вице-чемпион Катерина Лагноның алдын орап, қаралармен бастаманы өз қолына алған болатын. Жансаяның жеңері айқын еді, алайда шахматшымыздың күрделі позицияда уақыты жетпей, сағатты тоқтатуға мәжбүр болды.

Александр Горячкина Гүлісхан Нахбаеваны жеңді. Есеп 0:2 болып, жеңіс ресейлік команданың пайдасына шешілді.

Екінші тақтада Динара Сәдуақасова әлемнің экс-чемпионы Александра  Костенюкпен болған кездесуін тең ойынмен аяқтады.  Ал команданың дебютанты Бибісара Асаубаеваның позициясы үлкен қауіп тудырды. Мамандардың көпшілігі сөзсіз жеңісті ресейлік гроссмейстерге беріп отырғанда, Бибісара күтпеген жерден ферзьдің құрбанын тауып, тақтада берік бекініс құрды. Ойын тең аяқталды!

Сонымен, бірінші турда біздің қыздар 1:3 есебімен әлем чемпионы, Ресей құрамасына жол берді. Бүгін екінші турда әйелдер құрамасы Үндістан командасымен ойнайтын болады:

Жансая Әбдумәлік — Караваде Еша
Динара Сәдуақасова— Сумья Сваминатхан
Бибісара Асаубаева  — Падмини Роут
Гульмира Дәулетова — Кулкарни Бхакти

Ерлер секциясында, Қазақстан мен Англия арасындағы ойын нағаз драмаға толы болды. Ағылшын құрамасының жаттықтырушысы Джонатан Спилмэн атап өткендей, команда мықты құраммен келді. Ойын қазақстандық шахматшылар үшін қиынға соқты.

Денис Махнев бірден "нашар" позицияға орнығып, Дэвид Хауэлл өз командасын жеңіске бір қадам жақындатты. Қиын позицияны ұзақ уақытқа дейін біздің құраманың көшбасшысы Ринат Джумабаевке де ұстауға тура келді. Алайда Ринат цейтнотта шыдамдылық танытып, қаһарлы қарсыласын жеңе алды. 

90-жылдардың басы мен 2000-жылдардың ең мықты шахматшыларының бірі Майкл Адамсты жеңген Ринаттың жеңісі қазақстандық құрамаға есепті теңестіруге мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, Люк Мак Шейнге қарсы ойында Анур Исмағамбетов  басымдылыққа қол жеткізе алмады. Нәтижесінде ойын тең аяқталды.

Петр Костенко Гавейн Джонсқа қарсы тартыста ойынды қиындатпақ болып, фигурасын құрбан етті, алайда ағылшындық гроссмейстер тамаша қорғаныс жасап, жеңіске жетті. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы бірінші турда 1,5:2,5 минималды есебімен жеңісті Біріккен корольдіктің құрамасына берді.

Жарыстың тағы бір фавориті – Қытай - 3,5-0,5 есебімен Венгрияны ойсырата жеңді. Құрама штаттар мен тәжірибелі украиндық команда арасындағы тең ойын нағыз сенсация болды. Егер де, жас Рошель Ву (АҚШ) Наталья Буксамен (Украина) болған ойында жеңіске бір қадам қалған ойында өз позияциясын ұстанып, тең ойынға келіспегенде АҚШ командасы жеңіске жетер еді.

Екінші турда бүгін Қазақстан командасына қарсы Швеция құрамасы ойнайтын болады.

Ойыншылар:

Нильс Гранделиус — Ринат Джумабаев,
Ханс Тикканен — Ануар Исмағамбетов (ақтар),
Эрик Блумквист — Муртас Қажгалеев,
Аксель Смит — Денис Махнев (ақтар).

Чемпионаттың тікелей көрсетілімін командалық әлем чемпионатының ресми сайтынан қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде тамашалауға болады.

Ө. Сансызбай