Оспановтың оралуы. Қазақстандық спортшының қарсыласы анықталды

Оспановтың оралуы. Қазақстандық спортшының қарсыласы анықталды

Қазақ ережесіз жекпе-жек шебері Арман "Сұңқар" Оспанов 27 сәуір күні Мәскеуде өтетін АСА 95 турнирінде сегізбұрышқа шығады. Қазіргі таңда отандасымыздың қарсыласы анықталып үлгерді.

Арман Оспанов жарақатына байланысты ұзақ уақыт жекпе-жектерге шыққан жоқ. Қазақстандық спортсүйер қауым да спортшының октагонға оралғанын күтті.

АСА 95 турнирінде отандасымыз неміс спортшысы Лом-Али Эскиевпен шайқасады. Тегі шешен болып келетін файтер соңғы жылдары Дюссельдорфқа қоныс аударған. Германияда "Арыстан" деген лақап атпен танымал. Сегізбұрышта 20 жекпе-жек өткізіп, 15-де жеңіске жеткен. 4 рет ұтылып, 1 рет қарсыласымен тең түскен.

Лом-Али Эскиев Германиядағы болашағы зор спортшылардың бірі саналады. 2013 жылы RNC-Martial Arts Gala турнирі кезінде қарсыласы Вугар Бахшиевті 13 секундта ұтып шыққан. Осыдан кейін спортшының танымалдылығы артқан.

"Сұңқар" соңғы рет 2017 жылдың желтоқсан айында жекпе-жек өткізді. Ресейлік Александр Полпудниковке төрешілер шешімі бойынша жол берді. Одан кейін жарақатынан емделді. Былтыр бірнеше рет жекпе-жек өткізу жоспарланғанмен, жүзеге аспады. Бірінде қарсыласы шықпай қойса, бірінде тағы бір себептер туындады. Енді сәуірде Оспановтың октагонға оралуын күтеміз. Жекпе-жек жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде өтеді.





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

RaiM – Baila