GGG vs Canelo. Үшінші жекпе-жекке не кедергі болуы мүмкін?

GGG vs Canelo. Үшінші жекпе-жекке не кедергі болуы мүмкін?
Фото: USATODAY.com

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) орта салмақта WBC, WBA (Super) чемпионы Сауль "Канело" Альвареспен (51-1-2, 35 КО) үшінші рет жұдырықтасқысы келеді. Мексикалық боксшы да бұл кездесуден қашқақтамайтынын айтып келеді. Екі боксшы бір-бірімен үшінші рет жұдырықтасқысы келсе, онда не кедергі болуы мүмкін?

Бұл жекпе-жекке кедергі болатын факторлар аз емес. Өзара келісім, промоутерлік компаниялардың ұсынысы, боксшылардың сыйақысы, барлығы-барлығы екі тарапты қанағаттандыруы тиіс. Әсіресе Golden Boy Promotions өз пайдаларын бірінші орынға қояды. Ал басты кедергі - телесеріктес келісімшарты болмақ.

Сауль Альварес Геннадий Головкинді жеңіп, чемпиондық белбеулерді иеленгеннен кейін DAZN жобасына қосылды. Себебі екі боксшы да HBO арнасы келісімі бойынша соңғы жекпе-жектерін өткізген еді.

Мексикалық боксшы DAZN стримингтік сервисімен рекордтық келісімшарт (365 миллион) жасады. Кейіннен бұл жоба иелері Геннадий Головкинге де өз ұсыныстарын білдірді. Отандасымыз бұл ұсынысты әлі күнге дейін қабылған алған да, бас тартқан да жоқ. Саралап жүргені рас. Бірақ... Бірақ Golden Boy Promotions талабы Генаның DAZN-мен келісімге келуі.

- Егер Головкин "Канеломен" үшінші рет жұдырықтасқысы келсе,  DAZN-мен келісімге келуі тиіс, - деп Оскар Де Ла Хойя ашығын айтқан. Бұл жайында Los Angeles Times журналисі Лэнс Пагмайер мәлімдеді.

"Канело" соңғы сұқбаттарының бірінде Геннадий Головкинмен жұдырықтасуға әзір екенін, өз уәдесінде тұратынын айтты. Алайда екі боксшының жекпе-жегі күзге дейін ұйымдастырылмайтыны анық. Себебі телесеріктес таңдаудағы кедергілер шешілуі тиіс. Сондай-ақ мексикалық боксшы 4 мамыр күні Лас-Вегаста IBF чемпионы америкалық Дэниэл Джейкобспен (35-2, 29 КО) жұдырықтасады. Екеуі де өз атақтарын алғаш рет қорғайды.

Дэниэл Джейкобс (35-2, 29 КО) есімі қазақ спорты жанкүйерлеріне таныс. Америкалық боксшы 2017 жылдың наурыз айында Нью-Йоркте отандасымыз Геннадий Головкинмен жұдырықтасқан болатын. 12 раундқа созылған шаршы алаңдағы шайқаста GGG төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетіп, чемпиондық атақтарын қорғап қалған еді.

Ө. Сансызбай