Қазақстандық шаңғышы допинг қолданғанын мойындады - БАҚ

Қазақстандық шаңғышы допинг қолданғанын мойындады - БАҚ

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин допинг қолданғанын мойындап бостандыққа шықты, - деп хабарлайды РИА Новости Австрияның Kurier басылымына сілтеме жасап.

Әлем чемпионаты кезінде "допинг ережесін бұзғаны үшін" қамауға алынған австриялық шаңғышылар Макс Хауке мен Доминик Бальдауф, сондай-ақ қазақстандық Алексей Полторанин бостандыққа шыққан. Ал эстон шаңғышылары Андреас Веерпалу мен Карел Таммъярв ісі әлі жалғасып жатқан көрінеді.

Жарыс кезінде антидопингтік тексеруді Австрия және Германия елдерінің полицейлері жүргізген. Олар барлығы 9 адамды қолға түсірген еді. Оның бесеуі спортшылар болса, төртеуі команда өкілдері болатын. Тіпті австриялық шаңғышы Макс Хауке қан құйып жатқан жерінен ұсталған.

Қазақстан шаңғы федерациясы Алексей Полтораниннің бостандыққа шыққаны жайлы хабарлады.

- Қазіргі таңда біздің спортшы Зеефельд қаласында. Алексей өзін физикалық тұрғыдан жақсы сезінуде. Қазақстандық шаңғышының ары қарай жарысқа қатысуы немесе қатыспауы жақын уақытта хабарланады. Қазіргі таңда біз бұл оқиға аяқталғанына қуанып отырмыз, - деді ұйымның баспасөз хатшысы Самал Наурызова.

Ал Алексей Полторанин допинг қолданғанын мойындағаны жайлы өзге елдің ақпарат құралдары хабарлағанмен, қазақстандық тарапқа ресми ақпар әлі жетпеген. Бұл жайында да Самал Наурызова еліміздегі спорт сайттарына берген хабарламасында айта кетті. 

- Біз әзірге қандай да бір пікір білдіре алмаймыз. Алексей хабар беріп шыққан жоқ. Бірақ бостандыққа шыққаны анық. Оқиға жайлы өзге ақпараттарды қазір хабарлай алмаймыз. Айыпқа қатысты ресми хабарлама жоқ. Оның мойындағаны, не мойындамағаны жайлы ақпар бізге әлі түскен жоқ, - деді. 

Қаізргі таңда істің мән-жайы толық қаралуда. "Допинг ережесі бұзылуына" байланысты Алексей Полторанин мен оның жаттықтырушылары әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар