Чемпиондар лигасы. "Атлетико" "Ювентусты", "Манчестер Сити" "Шалькені" ұтты

Чемпиондар лигасы. "Атлетико" "Ювентусты", "Манчестер Сити" "Шалькені" ұтты
Фото: vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасы 1/8 финалындағы бірінші ойындар аяқталды. Соңғы болып "Атлетико", "Ювентус", "Шальке" және "Манчестер Сити" командалары ойын өткізді.

"Атлетико" (Испания) - "Ювентус" (Италия) 2:0


Мадридте өткен ойында алаң иелері айқын жеңіске жетті. Ойындағы екі голды да екінші таймда соқты. 78 минутта Хосе Мария Хименес есеп ашса, араға 5 минут сала Диего Годин нәтижені еселеді. Ал оған дейін Альваро Мората соққан гол видеоқайталаудан кейін есепке алынбаған болатын.

Екі команда арасындағы ойында мүмкіндіктер мол болды. Ойын басында Криштиану Роналду айып соққысынан тепкен допты Ян Облак қайтара білді. Ал екінші тайм басында Антуан Гризманн қақпашы Щенсныйдың үстінен асыра салған. Алайда доп қақпа бағанынан кері қайтты.

Екі команда арасындағы қарымта кездесу 12 наурыз күні Туринде өтеді.

"Шальке" - "Манчестер Сити" 2:3


Гельзенкирхенде өткен кездесу де тартысқа толы болды. Ағылшындық "Манчестер Сити" камбэк жасап, алғашқы ойында жеңіске жетті. Өз алаңдарында өтетін қарымта ойын енді қиынға соқпас.

Ойында бірінші болып Серхио Агуэро гол соқты. Ол 18 минутта-ақ "Манчестер Ситиді" алға шығарды. Алайда бірінші тайм аяқталғанша Набиль Бенталеб екі бірдей пенальтиді сәтті орындап, "Шалькені" алға шығарды.

68 минутта ағылшындық клуб 10 ойыншымен қалды. Николас Отаменди екінші рет сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Ойын соңына қарай Хосеп Гвардиола Серхио Агуэроның орнына Лерой Санені шығарды. Хавбек шыға сала бапкер айтқанын мүлтіксіз орындады. Есепті теңестіріп, "Манчестер Сити" жанкүйерлерін қуантты. Ал 90 минутта жартылай қорғаушы Рахим Стерлинг жеңіс сыйлаған голды соқты.

Екі команда арасындағы қарымта ойын 12 наурыз күні өтеді.

Ө. Сансызбай