AVANGAR - әлем үздіктерінің қатарында

AVANGAR - әлем үздіктерінің қатарында
Фото: AVANGAR

Қазақстандық AVANGAR киберспорт командасы әлемдік рейтингтегі жағдайын жақсартты.

HLTV  рейтингінде біздің командамыз сатыға көтеріліп 16-орынға жайғасқан. Көш басында даниялық "Astralis" командасы. Екінші сатыға Liquid ұжымы орналасқан. Ал үздік үштікті украиналық "Natus Vincere" командасы түйіндеп тұр. 

AVANGAR командасында төрт қазақстандық ойыншы өнер көрсетеді. Атап айтқанда: Тимур Төлепов, Айдын Тұрлыбеков, Алексей Голубев және Бектияр Бақытов. Ал команданың капитаны - ресейлік ойыншы Али Джами.

Күні кеше AVANGAR Counter-Strike: Global Offensive (CS:GO) ойынынан Katowice Major халықаралық турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізген болатын. Жүлде қоры 1 миллион долларды құраған турнирдің алғашқы кездесуінде AVANGAR аустралиялық Renegades командасынан 8:16 есебімен жеңіліп қалған болатын. Ал екінші ойында 16:14 есебімен бразилиялық FURIA eSports командасын ұтты. 1,33 ұпай жинаған AVANGAR-дың ойыншысы Бектияр fitch Бақытов кездесудің үздігі атанды.

Халықаралық жарыс Польшаның Катовице қаласында өтіп жатыр. AVANGAR командасынан бөлек байрақты бәсекеде екі қазақстандық киберспортшы бақ сынап жатыр. Атап айтқанда, Дәурен Adren Қыстаубаев (FaZe Clan) пен Абай Hobbit Қасенов (HellRaisers).

Биыл AVANGAR командасы CIS Minor Championship — Katowice 2019 турнирінде жеңіске жеткен болатын. Финалда қарсыласы Winstrike Team командасын 2:1 есебімен жеңген AVANGAR 30 мың АҚШ доллары мен IEM — Katowice Major 2019 турниріне жолдаманы иеленді. Ал Тимур "Buster" Төлепов турнирдің үздік ойыншысы деп танылды. 

Сондай-ақ, AVANGAR мен CIS Esports League киберспорт ұйымы Counter-Strike: Global Offensive ойыны бойынша алғашқы кәсіпқой лиганың тұсауын кесті. Енді еліміздегі киберспортшылар FaceIT тәуелсіз платформасында Қазақстанда орналасқан серверлерде бақ сынайтын болады. KZ Pro League деп аталатын алғашқы кәсіпқой лига Counter-Strike: Global Offensive ойыны бойынша өтеді. Алғашқы турнирдің жүлде қоры 1000 АҚШ долларын құрамақ. Тұрақты маусымнан бөлек, апта сайын әр түрлі турнирлер өткізеледі. Ал болашақта KZ Pro League үздік ойыншылары Еуропаның ең беделді турниріне (FPL) жолдама алады. 

AVANGAR - 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. Бұл ұйымның жігіттері екі ойыннан да жақсы нәтижелерге жетті. Қазір командада төрт қазақстандық ойыншы өнер көрсетеді. Атап айтқанда: Тимур Төлепов, Айдын Тұрлыбеков, Алексей Голубев және Бектияр Бақытов. Ал команданың капитаны - ресейлік ойыншы Али Джами.  

А. Рысдәулет