Аралас жекпе-жектен ел чемпиондары анықталды

Аралас жекпе-жектен ел чемпиондары анықталды

Алматыда Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы және Қазақстанның ММА бірлескен федерациялары қауымдастығы қолдауымен ұйымдастырылған ел чемпионаты өз мәресіне жетті. 

3 күнге созылған жарыстың финалдық жекпе-жектері бүгін өтті. 16 жұптың шайқасқа шығатыны жоспарланған. Алайда кей спортшылар жарақатына байланысты октагонға шықпады. Енді бір спортшыларға дәрігерлер рұқсат бермеді. Нәтижесінде 13 жұп спортшы финалдық кезеңде бақ сынады. 

Жарыста ерлер мен әйелдер арасындағы кездесулер қатар өтті. Үздік атанғандары Тайландта өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын болады. 

Алғаш болып октагонға көтерілген ақтөбелік Бағдат Жұбаныш тарихи жеңіске қол жеткізді. Ол 52,2 кг салмақ дәрежесінде атыраулық Ерұлан Қабдуловты жеңіп, бірлескен ел чемпионатының алғашқы жеңімпазы атанды. 

- Ауыр жекпе-жектердің бірі болды. Қарсыласыма зор құрмет көрсетемін. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Жаттықтырушыларыма алғысымды білдіремін. Ұйымдастырушыларға рақметімді айтамын. Турнир керемет ұйымдастырылған. Осындай жарыстар көптеп болса, - дейді Бағдат Жұбаныш. 

Ерлер арасында 56,7 кг салмақта Дархан Өмірбеков чемпион болды. Ол да Атыраудан келген қарсыласы Әділхан Аязбаевты тұншықтыру әдісі арқылы жеңді. 

Қыздар арасында жеңіл салмақта (47,6 кг) алматылық Аян Тұрсын топ жарды. Ол Маңғыстау облысының спортшысы Ақерке Палуанованы техникалық нокаутпен ұтып шықты. 

- Мен Ронда Роузиді құрметтеймін. Осы спорт түрімен оны танығаннан кейін айналыса бастадым. Қазақстанның алғашқы чемпионатында жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Ары қарай шынығып, жаңа жеңістерге дайындаламын, - деді жарыс соңынан Аян Тұрсын. 

Азия чемпионы Нұржамал Садықова (52,2 кг) финалда Шығыс Қазақстаннан келген Шынар Жүсіповаға жол берді. Ал 56,7 кг салмақта Әсем Жәкенова жеңімпаз болды. 

Ерлер арасында 61,2 кг салмақта Олжас Молдағалиев ақтөбелік Дастан Амангелдіні жеңді. Ол төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. 

Алматылық Еламан Шалқымбеков 65,8 кг салмақта жеңімпаз атанды. Ол финалда Қарағандыдан келген спортшы Анатолий Золотыхты жеңді. 

Қарағандылық өзге спортшылар жеңіске жете білді. Атап айтар болсақ, Анатолий Золотыхтың командаласы Сора Рахмонова (61,2 кг) чемпион болды. Тағы бір қарағандылық спортшы Неймат Асадов (70,3 кг) жерлесі Виталий Радионовты жеңіп, бірінші орын алды.

Әйелдер арасында 65,8 кг салмақтағы финалдық жекпе-жек тартысты өтті. Жамбыл облысынан келген Айжан Әбдіқадыр алматылық Антонина Котляровскоймен кездесті. Жекпе-жек соңына дейін жалғасып, алматылық тәжірибелі спортшы төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті.

Ерлер арасындағы 77,1 кг салмақтағы финалдық жекпе-жек те жанкүйерлерді желпіндірді. Айдын Төлепбаев (Ақтөбе облысы) пен Жан Кенжебаев (Алматы облысы) ашық айқас көрсетті. Төрешілер шығарған нәтиже бойынша Айдын жеңіске жетті.

Әйелдер арасында 70,3 кг салмақта Шығыс Қазақстаннан келген Толшын Жұматаева жеңімпаз болды. Ол финалда Ақтөбеден келген Күндиас Сағындықованы үшінші раундта тұншықтыру әдісі арқылы жеңіп шықты.

- Мен негізі қазақ күресіне қатысамын. Жарысқа дайындығым да жоғары болған жоқ. Жекпе-жек тез өте шықты. Жоспарымды жүзеге асырғаныма қуаныштымын. Менің арманым - UFC-де жекпе-жек өткізу. Қазақстанның туын көтеріп шыққым келеді, - деді жекпе-жек соңынан Толшын Жұматаева.

Соңғы болып октагонға шыққан ауыр салмақтағы спортшылар болды. 93 кг салмақта алтын медальды шымкенттік Серік Абиров жеңіп алды. Ол финалда Қарағанды облысынан келген Зелімхан Хумайдовты жеңді.

- Бізге бүгін еліміздің барлық өңірінен 250-ге жуық спортшының басын қосып, жарыс ұйымдастыру мүмкіндігі туды. Барлық қатысушылар барын салды. Ешкім жеңілгісі келмейді. Ең үздіктері жиналды. Жарыс қорытындысы бойынша Азия чемпионатына қатысатын ұлттық құрама тізімін шығарамыз.

Біздің жарысқа бірде-бір кәсіби спортшы қатысқан жоқ. Осы жарыстан кейін елімізде аралас жекпе-жектің даму жайын ары қарай жалғастыра түсетін боламыз, - деді Қазақстанның ММА аралас жекпе-жек бірлескен федерациясының бас директоры Валихан Тен.

Айта кетейік, 2018 жылдың желтоқсан айында "Қазақстанның ММА бірлескен федерацияларының қауымдастығы" ЗТБ атты жаңа құрылымы қалыптасты. Оған Қазақстанның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясы, Аралас жекпе-жек, панкратион мен грэплинг ұлттық федерациясы және NOMAD MMA федерациясы кірді. Ұйымға Қазақстанның белгілі спорт насихаттаушысы Ғалыжман Есенов жетекшілік ететін болды. Ал еліміздің жекпе-жек спорты түрлері бойынша қауымдастықтың басшысы - Кәрім Мәсімов.

ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек (ағыл. Mixed Martial Arts) -  жекпе-жек күрестері үшін  тиімді техника элементтері, мектептері мен бағыттарын біріктіретін спорттың бірегей түрі. Ол Қазақстан Республикасында 2013 жылғы 26 маусымда спорттың ресми түрі ретінде танылды.





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

RaiM – Baila